ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРДА

Өткен сейсенбі күні аудандық мәслихаттың кезектен тыс қырық алтыншы сессиясы өтті.

Жиынға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Сессиядан бұрын депутаттар Аслан Балғазин мен Жанна Мустафинаның төрағалығымен тұрақты комиссияның отырысы өтіп, онда аудандық бюджетке нақтылау енгізу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары және мәслихаттың әлеуметтік-экономикалық бағыттағы бірқатар шешімдерін бекіту мәселелері жан-жақты қаралды.

Кезектен тыс сессия отырысын аудандық мәслихат төрағасы Сапарбек Аманжолов ашып, күн тәртібіне енгізілген мәселелермен таныстырды.

Алғаш болып аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арман Искаков сөз алып, «2026–2028 жылдарға арналған Қарғалы аудандық бюджетін бекіту туралы» шешімге өзгерістер енгізу мәселесіне тоқталды. Сонымен қатар, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салаларының мамандарына, сондай-ақ ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне 2026 жылға арналған әлеуметтік қолдау шаралары туралы баяндады.

Одан кейін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Бижанова «Қарғалы ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешімге өзгерістер енгізу жөнінде хабарлама жасады. Сондай-ақ Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысушыларға оның 40 жылдығына орай қосымша әлеуметтік көмек көрсету, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу мәселелері де қаралды.

Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың бұрын қабылданған бірқатар шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар депутаттардың қарауына ұсынылды.

Баяндамашылардың есептері тыңдалғаннан кейін депутаттар тарапынан бірқатар сауалдар қойылып, ұсыныстар айтылды. Ұсынылған түзетулер депутаттар тарапынан жан-жақты талқыланып, оларды іске асырудың тиімді тетіктері айқындалды.

Талқылау қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты тиісті шешімдер қабылданды.

Сессия соңында аудан әкімі сөз сөйлеп, аудан экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жетілдіру, әлеуметтік саланы қолдау және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Ол қабылданған шешімдердің өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға серпін беретінін жеткізді.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерСессия