ҚАСҚЫР САРҚЫРАМАСЫ – ФЕСТИВАЛЬ МЕКЕНІНЕ АЙНАЛДЫ

Өткен сенбі күні ауданымыздағы табиғаты көз тартатын көрікті орындардың бірі – Қасқыр сарқырамасы маңында ауқымды «Sarqyrama Fest» фестивалі жоғары деңгейде өтті.

Ашық аспан астында ұйымдастырылған мазмұнды іс-шараға 6–7 мыңға жуық адам жиналып, табиғат аясындағы ерекше демалыстың куәсі болды. Бұл фестиваль өңір туризмін дамытуға серпін беріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды басқосу ретінде есте қалды.

«Visit Aqtobe» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен және аудан әкімдігінің қолдауымен өткен фестиваль барысында келушілерге мазмұнды мәдени-спорттық бағдарламалар  ұсынылды.

           

Қатысушылар садақ ату, пикник жарысы, суретшілер байқауы секілді сайыстарда бақ сынап, концерттік бағдарламаларды тамашалады. Алаңға тігілген киіз үйлер мен орнатылған алтыбақан ұлттық мерекенің көркін арттырса, ұлттық киімдегі фотосессия аймағы, балаларға арналған аквагрим және фудкорт алаңдары демалушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Шараның ашылу салтанатында облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Ахамбай мен облыстық мәслихат депутаты Бану Тлегенова сөз сөйлеп, өңірдің туристік әлеуетіне тоқталды.

             

Сонымен қатар, аудан әкімі Нұрлыбек Унербаевтың айтуынша, алдағы уақытта Қасқыр сарқырамасы маңында туристерге қолайлы жаңа нысандар салу жоспарлануда:

— Қасқыр сарқырамасының жанынан екі қабатты қонақ үй бой көтереді. Оның бірінші қабатында көпшілік іс-шараларға арналған банкет залы орналасады. Сонымен қатар қауіпсіз ойын алаңдары, үрмелі аквапарк, белсенді демалыс аймақтары мен отбасылық серуенге арналған балалар алаңы қарастырылады. Бұл жұмыстар ауданымыздың туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, — деді ол.

Соңғы жылдары ауданымызға келетін туристер санының артуы өңірдің табиғи әлеуетінің жоғары екенін айқын көрсетеді. Мәселен, 2023 жылы ауданға шамамен 10 мың адам келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 13 мыңға жеткен. Ал 2025 жылы келушілер саны 15 мыңға дейін өсті. Бұл – ауданымызда экологиялық туризмнің жүйелі түрде дамып келе жатқанын дәлелдейді.

           

           

Фестиваль барысында ақпараттық киіз үйде аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Қымбат Тасымова «Қарғалының жеті кереметі» жобасы туралы кеңінен таныстырды. Сондай-ақ этнодизайнер Құралай Өтегенқызы шетелдік туристерге қазақтың ұлттық киімдерін үш тілде насихаттады.

Фестиваль аясында өткен пикник жарысына бірнеше команда қатысып, ұйымшылдық пен шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Нәтижесінде І орынды «Қазақстан Темір жолы» командасы иеленді. ІІ орын Мұғалжар ауданынан келген «Picnic queens» командасына, ал ІІІ орын Хромтау ауданының «Ауыл Life» командасына бұйырды. Бұл байқау фестивальдің көрермен қызығушылығын арттырған әсерлі бөлімдердің бірі болды.

Ал суретшілер байқауында қатысушылар Қасқыр сарқырамасының сұлу келбетін қағаз бетіне түсіріп, шығармашылық шеберліктерін паш етті. Қазылар алқасының шешімімен үздік жұмыстар авторларына ақшалай сыйақылар табысталды.

Сондай-ақ бірқатар командалар демеушілер тарапынан арнайы сертификаттармен марапатталды. Атап айтқанда, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы», «Queens», «Бақыттылар» командаларына «Зәру» пантоемдеу шипажайына жолдамалар берілді.

Шара соңында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, өңірде ішкі туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

Осылайша, «Sarqyrama Fest» – табиғи байлығымызды кеңінен насихаттауға мүмкіндік берген маңызды мәдени оқиға. Осындай игі бастамалар арқылы Қасқыр сарқырамасының танымалдығы артып, келешекте еліміздің туристік картасындағы тартымды бағыттардың біріне айналары сөзсіз.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерSARQYRAMA FEST