КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының  директоры Жолдас Қарағұловтың жетекшілігімен кәсіпкерлікті дамыту және бизнесті қолдау мәселелеріне арналған маңызды жиын өтті.

                   

Басқосуға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, аудан прокуроры Ернар Урекешов, кәсіпкерлер палатасының өкілдері, кәсіпкерлік саласымен тығыз жұмыс жүргізетін мекеме басшылары мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

Жиынды ашқан аудан әкімі өз сөзінде кәсіпкерлікті дамыту – өңір экономикасының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол жергілікті атқарушы органдар тарапынан бизнеске қолайлы орта қалыптастыру, кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау әрдайым назарда болатынын жеткізді.

Сонымен қатар кәсіпкерлермен ашық диалог орнату арқылы өзекті мәселелерді дер кезінде шешудің маңыздылығына тоқталып, кәсіп иелеріне жаңа бастамалар мен істеріне табыс тіледі.

Жиын барысында аудан прокуроры кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселесіне тоқталып, заң талаптарының сақталуы мен бизнес өкілдерінің құқықтық тұрғыда қорғалуына прокуратура тарапынан тұрақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сондай-ақ, кәсіпкерлер тарапынан туындайтын мәселелер бойынша ашық байланыс орнатуға дайын екенін жеткізді.

Одан әрі салалық мекеме басшылары сөз алып, кәсіпкерлік бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Аудандық мемлекеттік кірістер бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Асан Шаймағанбетов өз баяндамасында аудандағы кәсіпкерлік ахуалға тоқталып өтті. Қазіргі таңда ауданда 188 заңды тұлға, 615 жеке кәсіпкер және 165 шаруа қожалығы тіркелген.

Сонымен қатар 2025 жылы жүргізілген 3 салықтық тексеріс нәтижесінде 9 заң бұзушылық анықталып, 2,2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынғанын жеткізді. Былтыр бюджетке жоспарланған 247,6 миллион теңгенің орнына 309 миллион теңге түсіп, жоспар 125 пайызға орындалғанын атап өтіп, кәсіпкерлерге алғыс білдірді. Бұдан бөлек, 2026 жылдың 1 наурызынан бастап белсенді емес режимде тұрған кәсіпкерлер автоматты түрде есептен шығарылатыны жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жиын қорытындысында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар айтылып, тиісті мекемелерге бірқатар міндеттер жүктелді.

Кездесу соңында жеке қабылдау ұйымдастырылып, екі кәсіпкер өз өтініштерін жеткізді. Алғашқы болып «Пчеловоды Актобе» СПК басшысы Александр Сенацкий ауыл шаруашылығы алқаптарында гербицидтер қолдану кезінде ара өсірушілерді алдын ала хабардар ету қажеттігін көтерді. Бұл мәселенің ара шаруашылығын сақтау тұрғысынан маңыздылығы айтылды. Ал жеке кәсіпкер Аман Баймышев қолайсыз ауа райы жағдайларында ауылдық елді мекендердегі жолдардың жабылуы туралы тұрғындарды дер кезінде хабардар ету мәселесін көтерді.

Жиын барысында айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер назарға алынып, тиісті деңгейде қарастырылатын болды. Бұл кездесу кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерЖИЫН