ЕРІКТІЛЕР ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

Өткен аптада табиғатты қорғау бағытындағы қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүрген бір топ жас ерікті «Ұлттық волонтерлік желі» ұйымының сертификаттарымен марапатталды.
Бұл – олардың ел игілігі жолындағы табанды еңбегіне берілген лайықты құрмет.
Табиғат – келер ұрпаққа аманат. Оны аялау мен сақтау – әр азаматтың ортақ парызы. Осы жауапкершілікті кеңінен насихаттап келе жатқан республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бүгінде көпшілікті игі іске жұмылдырып, қоршаған ортаға жанашыр көзқарас қалыптастыруға ықпал етуде. Аталған бастама аясындағы шаралар аудан жастарының да белсенді қатысуымен жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Осы ретте тазалық жұмыстарына тұрақты атсалысып жүрген бірқатар еріктілеріміздің еңбегі ескеріліп, арнайы сертификаттар табысталды. Бұл марапат – олардың қоғамдық өмірдегі белсенді ұстанымының айқын көрінісі әрі өзгелерге өнеге боларлық үлгі.
Атап айтқанда, Арайлым Байтөре, Досымжан Бакбергенов, Даурен Прмаханова, Бердібек Жандайбек, Асылбек Ниетуллаев және Рада Досмухамбетова табиғатты қорғау бағытындағы бастамаларға ұдайы қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне сүбелі үлес қосып келеді.
Жастар ресурстық орталығының маманы Ақтолқын Елемесқызының айтуынша, іс-шара барысында белсенді жастарға алғыс білдіріліп, олардың қоғамдағы жауапкершілігі мен бастамашылдығы ерекше атап өтілген. Оның пікірінше, ел болашағы – осындай саналы да белсенді ұрпақтардың қолында.
Табиғатты қорғау – келешекке жасалған қамқорлықтың нақты көрінісі. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдағы экологиялық мәдениетті нығайтуға өз ықпалын тигізе беретіні сөзсіз.
Қарғалы-АҚПАРАТ




