ЖАС ДАРЫНДАР ЖЕҢІС ТӨРІНЕН КӨРІНДІ

Ауданымыздағы өнер мектебінің өнерлі шәкірттері облыстық байқауларда топ жарып, ұлттық өнер мен шығармашылық шеберліктің биік деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Өнер – ұлттың рухани қазынасын ұрпақ бойына сіңіретін асыл мұра. Осы бағытта жас таланттарды қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту – бүгінгі білім мен тәрбие жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Облыстық деңгейде ұйымдастырылатын түрлі байқаулар жас өрендердің қабілетін шыңдап, биік белестерге жетуіне жол ашып келеді.Жуырда өткен өнер додаларында ауданымыздағы балалар өнер мектебінің  дарынды оқушылары жарқын жетістіктерімен қуантты.

«АҚТӨБЕ-ДАРЫН» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының бастамасымен, «Олимп шыңына жетелеуші» жобасы аясында ұйымдастырылған «Жас талант – 2026» облыстық жас домбырашылар байқауында 7–9 жас санаты бойынша «Өркен» домбырашылар ансамблі жүлделі І орынды иеленді. Жас өнерпаздардың орындаушылық шеберлігі мен ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Ансамбль жетекшісі Бағдат Қалағановтың жүйелі еңбегі мен кәсіби бағыт-бағдары шәкірттердің табысты өнер көрсетуіне негіз болды.

Сонымен қатар, «Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының республикалық көрме-байқауының облыстық кезеңінде аудандық балалар өнер мектебінің оқушысы Анель Ахметова І дәрежелі дипломмен марапатталды. Жетекшісі Сания Абдрахманованың тәлімгерлігімен дайындалған жұмыс мазмұндық тереңдігімен, көркемдік нақышымен және шығармашылық ізденісімен ерекшеленді.

Жас дарындардың бұл жетістігі – табандылық пен ұстаз еңбегінің нәтижесі ғана емес, аудан өнерінің өркендеп келе жатқанын айқын көрсететін маңызды көрсеткіш. Осындай жеңістер өскелең ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттырып, болашақта жаңа белестерді бағындыруға жігер береді. Жас таланттардың алар асуы әлі алда екеніне сенім мол.

Қарғалы-АҚПАРАТ

ТегтерЖетістік