ТУҒАН ӨЛКЕ ТАЗАЛЫҒЫ – БАРШАҒА ОРТАҚ

Көктем мезгілі – табиғаттың ғана емес, адам көңілінің де жаңарып, айналаны көркейтуге деген құлшынысы артатын ерекше кезең. Осы игі үрдіспен үндескен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы ауданымызда кең көлемде ұйымдастырылып, тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып отыр.

Табиғатты аялау мен туған жердің көркеюіне үлес қосу мақсатында өткізілген бұл бастама ел бірлігін айқындайтын маңызды шаралардың біріне айналды.

Аталған акция аясында 28 наурыз күні аудан көлемінде жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылып, оған барлық мекеме және кәсіпорын қызметкерлері, жастар, еріктілер және аудан тұрғындары белсенді қатысты.

                     

Екі айлық тазалық жұмыстары барысында әрбір ұжым өздеріне бекітілген аумақтарды тазалап, көшелер мен қоғамдық орындарды ретке келтіруге бір кісідей атсалысты. Бұл – тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығы мен жауапкершілігінің айқын көрінісі болды.

Сенбілік барысында көшелер мен саябақтар қоқыстан тазартылып, ескерткіш алаңдары жуылып, әктеліп, арнайы техникалар жұмылдырылып, жиналған қалдықтар белгіленген орындарға шығарылды.

Қоғамдық орындар абаттандырылып, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілді. Мұндай игі шаралар тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғатқа деген ұқыпты көзқарасын арттыруға да үлкен ықпал етуде.

Осы орайда Бадамша ауылдық округі әкімінің орынбасары Роза Сибагатова сенбілік жұмыстарының ауылдың санитарлық тазалығын қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды.

 – Биыл ұйымдастырылған алғашқы сенбілік аясында Бадамша ауылының 39 көшесін қамтитын кешенді тазалық жұмыстарының жоспары әзірленіп, оны жүзеге асыруға 52 ұйымнан 65 адам белсенді қатысты. Сонымен қатар жеке тұлғаларға 24 ескерту беріліп, оның 20-сы орындалды, ал жеке кәсіпкерлік нысандарына 32 ескерту табысталды. Санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін 14 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, 7 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларында тұрғындардың өз күштерімен тазалық жұмыстары жүргізілді. Бұл атқарылған жұмыстар ауыл тұрғындарының туған жердің көркеюі мен тазалығына деген жауапкершілігінің артып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да елді мекен аумағын абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Осы ретте барлық ауыл тұрғындарын тазалық шараларына белсенді қатысып, туған жеріміздің көркеюіне бір кісідей атсалысуға шақырамыз. Таза ауыл – бәрімізге ортақ міндет екенін ұмытпайық, – деді ол.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл экологиялық акцияға аудан жастары мен еріктілер ерекше белсенділік танытып келеді. Олар тазалық жұмыстарымен қатар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын кеңінен насихаттауда. Осындай бірлескен еңбектің нәтижесінде ауданымыздың келбеті көркейіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға оң әсерін тигізуде.

Тазалық акциясы 28 мамырға дейін жалғасып, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, жасыл аймақтарды көбейту және қоғамдық орындарды ретке келтіру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, аудан аумағында ағаш отырғызу, аула аумақтарын ретке келтіру және көркейту шаралары жалғасады.

Акция аясында аудан орталығындағы арнайы дүкендер мен сауда орталықтарына, кафелер мен тұрғын үйлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, аудан әкімінің орынбасары Бекзат Бадақов және Бадамша ауылдық округінің әкімі Ернар Дабилдин кәсіп иелерімен кездесіп, аумақтарды абаттандыру, санитарлық талаптарды сақтау және экологиялық жауапкершілікті арттырудың маңыздылығын жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ, кәсіпкерлер мен тұрғындарды ортақ іске белсенді қатысып, тазалықты сақтауға үлес қосуға шақырды.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде де жүйелі түрде жүргізіліп, елді мекендердің тазалығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасуда.

Тазалық – тек бір күндік шара емес, ол – әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс маңызды құндылық. Сондықтан туған өлкеміздің көркеюі мен тазалығы әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз екенін ұмытпайық. Бірлігіміз бекем, ниетіміз ортақ болса, ауданымыздың ажары арта берері сөзсіз.

 Жұлдыз КЕНЖЕ