ТҰРҒЫНДАР ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

15 наурыз еліміз үшін маңызды әрі тарихи күн болды. Жаңа Ата заңды қабылдау мәселесіне байланысты өткен референдумға аудан тұрғындары белсенді қатысып, өз таңдауларын білдірді. Бұл – ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылданған жауапты кезең болды.
Осыған орай таңғы уақытта аудандық мәдениет үйінде орналасқан №240 референдум учаскесінде ашылу рәсімі өтті. Іс-шара дәстүр бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, комиссия мүшелері дауыс беру процесін ресми түрде ашты.
Учаске барлық талаптарға сай дайындалып, дауыс берушілерге қолайлы жағдай жасалды. Келушілерге ұлттық тағам – бауырсақ пен ақ дәм ұсынылды.
Референдум учаскесіне аудан тұрғындары ертемен келіп, азаматтық борыштарын орындады. Алғашқылардың бірі болып дауыс бергендердің қатарында сол күні 84 жасқа толған аудан ардагері Бақыткерей Нұрқаев та болды.
– Мен референдум учаскесіне ертемен келіп дауыс бердім. Жаңа Ата заңымыз құтты болсын. Халқымыздың игілігі үшін қызмет ететін заң болсын. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өтіп жатқан бұл маңызды науқан ел бірлігін нығайта түседі деп сенемін. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын, – деді ардагер.
Аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев та референдумға қатысып, отбасымен бірге №243 учаскесінде дауыс берді. Аудан басшысы бұл маңызды күннің ел болашағы үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
– Жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз дауысымды бердім. Бұл – еліміздің қоғамдық өміріндегі маңызды күндердің бірі. Әр азаматтың өз пікірін білдіріп, ел болашағына қатысты шешімдерге қатысуы – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Еліміздің негізгі заңына ұсынылып отырған жаңа жоба – қоғам өміріндегі басты қағидаттарды айқындайтын маңызды құжат. Осындай маңызды кезеңде әр адамның таңдауы маңызды деп есептеймін. Бірлік пен белсенділік – ел дамуының басты кепілі. Сондықтан барша аудан тұрғындары бәріміз бірге еліміздің жарқын болашағына үлес қосайық, – деді.
Таңғы уақытқа қарамастан, тұрғындардың белсенділігі жоғары болды. Алғашқылардың қатарында Нұрболат Құспанов, Сағынғали Есентаев, Көмекбай Қанатбаев, Қадыржан Таңсықбаев пен Санат Байхановтар отбасыларымен келіп, өз таңдауларын жасады.
Аудан тұрғыны, зейнеткер Нұрболат Құспановтың айтуынша, бұл науқан ел өміріндегі маңызды саяси оқиғалардың бірі болды.
– Ата заң – мемлекеттің ең басты құжаты. Сондықтан оған енгізілетін өзгерістер әр азамат үшін маңызды. Мен Қазақстан азаматы ретінде өз таңдауымды жасап, референдумға қатысуды азаматтық парызым деп білемін. Бадамша ауылында тұрып жатқаныма 20 жылдан асты. Осы уақыт аралығында мемлекеттік салада қызмет атқардым. Қазір зейнеттемін. Еліміздегі мұндай саяси науқандардан қалыс қалмай, әрдайым белсенді қатысамын, – деді ол.
Ауыл тұрғыны, зейнеткер Александр Буш:
–Референдум учаскесіне келіп, өз таңдауымды жасадым. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық болсын. Зейнеткерлер үшін әлеуметтік қолдау шаралары мен жеңілдіктердің көбейгені маңызды. Бұл – біз секілді аға буын өкілдері үшін үлкен қолдау, – деді.
№240 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Айнагүл Мамбетованың айтуынша, дауыс беру қалыпты режимде өтті.
–Учаскеде дауыс беру процесі белсенді жүргізілді. Тұрғындар өздерінің азаматтық борыштарын жауапкершілікпен атқарды. Жалпы тізім бойынша 938 сайлаушы тіркелген. Сонымен қатар, үйден дауыс беру үшін 20 өтініш келіп түсті. Референдум учаскесінде дауыс беру заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылып, тұрғындардың ыңғайлылығы үшін барлық жағдай жасалған. Заң бұзушылықтар орын алған жоқ. Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасты, – деді комиссия төрағасы.
Жалпы, аудан тұрғындары маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, ел болашағына қатысты өз таңдауын жасады.
Айта кетейік, ауданымыз бойынша барлығы 16 референдум учаскесі жұмыс жасады. Олар таңғы 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін азаматтарды қабылдады.
Сонымен қатар, аудан орталығында тұрғындар үшін азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылып, мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА








