ҰЛТТЫҚ МҰРА – ҰРПАҚ САНАСЫНДА

Наурызнама онкүндігі аясында ауданымызда ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мазмұнды іс-шаралар легі жалғасын табуда. Соның бірі – жас ұрпаққа халқымыздың бай мұрасын таныстыруды көздеген тарихи-танымдық жылжымалы көрмелер.
Іс-шара барысында аудандық тарихи-өлкетану музейінің мамандары 14 наурыз – Көрісу күніне орай Бадамша мектеп-бөбекжай балабақшасында «Қуаныш пен бірліктің күні – Көрісу» атты көшпелі көрме өткізді. Тағылымды шараның басты мақсаты – бүлдіршіндерге ұлттық дәстүрдің мәнін ұғындырып, үлкенге құрмет пен кішіге ізет сынды ізгі қасиеттерді санасына сіңіру болды.
Көрме барысында музей қызметкерлері Көрісу күнінің шығу төркіні мен оның халық өміріндегі айрықша орны жөнінде кеңінен әңгімеледі. Олар бұл дәстүрдің адамдарды жақындастырып, өкпе-назды ұмыттырып, татулық пен жарасымды қарым-қатынасты нығайтатын рухани құндылық екенін атап өтті. Сонымен қатар, музей қорынан әкелінген этнографиялық жәдігерлер мен көне тұрмыстық бұйымдар көрме мазмұнын байыта түсті. Бүлдіршіндер әрбір бұйымның қолданылу ерекшелігі мен тарихына қанығып, ерекше қызығушылық танытты.
Сондай-ақ, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні қарсаңында №2 Бадамша орта мектебінде «Тарихи мұра – біздің байлығымыз» атты тағы бір жылжымалы көрме өтті.
Аталған шараны ұйымдастырған музей қызметкері Қымбат Тасымова оқушыларға халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін құнды жәдігерлерді таныстырып, олардың тарихи маңызын жан-жақты түсіндірді.
Көрме барысында ұсынылған қолөнер бұйымдары, ұлттық нақыштағы экспонаттар мен архивтік деректер жасөспірімдердің қызығушылығын оятты.
Оқушылар ата-бабадан қалған асыл мұра туралы тың мағлұмат алып, өз ойларымен бөлісті. Мұндай мазмұнды кездесулердің өскелең ұрпақтың тарихи танымын қалыптастырып, туған жерге деген құрметін арттырудағы рөлі ерекше екені атап өтілді.
Қос бірдей көрменің де тәрбиелік мәні жоғары болды. Ұйымдастырушыларға алғыс білдірген білім ордаларының ұжымдары мұндай игі бастамалардың жас буын санасына ұлттық рух дарытудағы маңызын ерекше атап өтті.
Осылайша, Наурызнама онкүндігі аясында өткен бұл шаралар ұлттық мәдениетімізді ұлықтап қана қоймай, жас ұрпақтың өткенге деген құрметін арттырып, рухани сабақтастықты нығайтуға өз үлесін қосты.
Жұлдыз КЕНЖЕ









