ПІТІР САДАҚА

Фото: DALL-E kaz.inform.kz
Құрметті Қарғалы ауданының тұрғындары! Қасиетті рамазан айы баршамызға құтты болсын. Әрбір жасаған жақсылықтарыңызды Алла қабыл етсін!
Биыл пітір мөлшері 735 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақаңызды рамазан айы аяқталғанша Қарғалы аудандық мешітне беруге болады.
Адамзат қоғамының өмірі мен баянды тіршілігі өзара көмекпен тікелей қатысты. Ислам діні садақа арқылы қоғамдағы әр түрлі әлеуметтік топтардың арасын біріктіріп, олардың өзара түсіністігі мен бауырмалдығын арттырады. Әрбір садақа беруші адамның көңілі мен жүрегі қуанышқа толады, дүниеқорлық ауруынан арылып, материалдық қысымнан босайды, жүрегінде иманы бар адамдардың жомарттық пен жанашырлық сезімдері оянып, қызғаншақтық пен пайдакүнемдік қасиеттері жойылады.
Алла Тағала: «Алла жолында инфақ етіңдер (садақа жасаңдар). Өз қолдарыңды өздерің байлап (сараңдық жасап), бастарыңды қатерге тікпеңдер. Жақсылық жасаңдар. Шын мәнінде Аллаһ игілік істеушілерді жақсы көреді» (Бақара 195),–деген қасиетті аяты арқылы мұсылмандарды қайырымдылыққа, жақсылыққа бұйырады. Әйгілі сахаба Әнәс (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Садақа Раббының ашуын басып, беймезгіл өлімді қайтарады»,–дейді.
«Пітір» сөзі «жаратылыс», «ауызашар» деген мағыналарды береді. Сондықтан, рамазан айының оразасынан шығу белгісі және осы айда біліп–білмей істеген қате–кемшіліктеріне каффәрат болу ретінде берілетін садақаны шариғат «пітір» деп атады.
Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлер де жұрт қатарлы қуанып шаттанады.
Барша мұсылмандарды Алла тағала тура жолдан тайдырмасын, білгенімізге амал етуді жазсын, Қазақстанымыздың мерейі үстем, абыройы биіктей берсін, кедейлер кеміп, жомарт байлар көбейсін, берген садақаларымызды Жаратқанның Өзі қабыл етіп, екі дүниенің бақыты мен игілігін нәсіп етсін деп тілейік.
Нұрлан ҚЫРЫҚБАЕВ,
аудандық «Ас-Самиғ» мешітінің Бас имамы




