АУЫЛ МҰҒАЛІМІ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ МҮСІНШІСІ

Ұстаз – ұлы тұлға. Сол жолға бар ғұмырын арнап, маңдай терін төгіп келе жатқан ауыл мұғалімдерін ұлт болашағының шырақшысы деуге де болады.
Бүгінгі біздің сөз етпегіміз – іргелес Ресей елінің Орынбор қаласында өсіп-өніп, ауданымызға қарасты Степной ауылының Сазды орта мектебінен ұстаздық жолын бастаған, Орск қаласының педагогикалық институтының түлегі, 40 жылдан аса ауыл мектебінде ұстаздық етіп келе жатқан Рауза Сағынтаеваның еңбек жолы жайлы болмақ.
Рауза Кеңесқызы Ресейдің Орынбор облысының Новоресей ауданының Тасбұлақ ауылында 1962 жылы дүниеге келген. Әкесі есепші, анасы сауыншы болып еңбек еткен. Бес баланың анасы. Әкесі 34 жасында ұзақ науқастан жастай дүние салып, анасы бес баласын жетелеп, төркіндеріне арқа сүйеп аудан орталығына қоныс аударады. Балалары да бағына қарай қайратты, еңбекқор болып, аналарына көмектесіп, қиындыққа мойымай, білімнен де кенде қалмай өсіп-өнеді. Солардың бірі – осы біздің кейіпкеріміз.
Жастайынан ұстаздық жолды таңдап, бастауыш сынып мұғалімі болсам деген Рауза дегеніне жеткендігін біз жазғалы отырған өмір жолынан білуге болады.
«Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дегендей, арманының орындалуына ауылдарына алғаш Мәскеуден келген сынып жетекшісі Галина Федоровна апайы себеп болған. Жақсыға еліктеген ол 1980 жылы 10-сыныпты бітірген бойда Орск қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, 1985 жылы бастауыш сынып жетекшісі мамандығын алып шығады. Сол жылы тұрмыс құрып, қазіргі құт-береке дарыған Степной ауылына жас отбасы қоныс аударып, Сазды орта мектебінен алғаш мұғалімдік еңбек жолын бастайды.
Ол шеткері елді мекенге келген 1990-жылдары балаларға білім берумен қатар су тасып, от жағып, жарықтың бір жанып, бір сөніп тұратын қиындау кезеңін де бастан өткізеді. Қалалы жерде өскен адамға уақытша қиындыққа төзуге жергілікті аға буын әріптестерінің көмегі де әсер еткенін әңгіме барысында ризашылықпен еске алады.
Жылдар өте келе жаңа заман талабына сай ауыл мұғалімдері де технологиялар мен инновациялық тәсілдерді меңгере бастады. Солардың бірі – біздің кейіпкеріміз.
1998 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Жыл мұғалімі» атты жас мамандар байқауына қатысып, Алғыс хатпен қатар арнаулы сағатпен және жоғары білімділік санатымен марапатталады. 2016 жылы жаңартылған білім мазмұны аясында орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері курстарынан өтсе, 2020 жылы «Жаңартылған білім мазмұны жағдайындағы оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың интегративтік тәсілі» атты онлайн курсын аяқтайды.
Ауыл мұғалімінің 40 жылдық еңбегіне қарай жетістіктері де жетерлік. Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының Құрмет грамотасы, 2019–2022 жылдары Білім беру басқармасының грамоталары және Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл мерекелік медалі – айта берсек, жетістігін жеткізер марапаттардың иесі.
Бүгінгі күні еңбектің зейнетін көрген әжелер қатарында. Степной ЖШС-де 40 жыл еңбек еткен жолдасы Крестьян екеуі екі ұл, бір қыздың тілекшісі, екі немеренің шат күлкісіне кенеліп отырған ата-әже. Алайда Рауза «болдым, толдым» демей, жастарға ақылшы, әлі де еңбек жолындағы ақылшы әжелер қатарынан табылып келеді.
Қырық жыл – адам өміріндегі үлкен белес. Осы уақыт ішінде ұстаз сансыз шәкіртіне алғаш әліппені танытып, шәкірттерінің жүрегінен орын таба білген бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбегі зор, еңбектің абзалы десек, сол бала күнінен арманы болған бастауыш сынып оқушыларын біліммен сусындатудан бастаған ұстаз.
Осындай ұлағатты ұстаздар арқылы ауыл мектебінің қадірі артып, білімнің шамшырағы жана бермек.
Бақыт ИМАШЕВ





