АТА-ӘЖЕСІНІҢ ҚЫЗЫ

Еңбек пен төзімділікті бойына сіңірген ауыл әйелдері – ел тірегі. Солардың бірі – ата-әжесінің тәрбиесін көріп бой жетіп, қиындыққа мойымай, жетістікке жетіп, ата-әже аманатын адал орындауға барын салып жүрген көпбалалы ана – Гүлгүл Асылханқызы.

                                     

Ол Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің түлегі, бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының шапағатын көріп, шаруасын дөңгелетіп отырған іскер ару. «Ата-әженің тәрбиесін көрген бала алғыр болады» деген сөз осындай жандарға қарата айтылса керек.

Гүлгүл 1979 жылы 9 сәуірде Әйтеке би ауданына қарасты Комсомол ауылында әкесі Асылхан мен анасы Күлпаршынның тұңғыш қызы болып дүниеге келген. Дәстүрге сай Сабыр атасы мен Жаңыл әжесінің бауырында өсіп, ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп ержеткен. Әкесі – автокөлік жүргізушісі, анасы – аспаз болып еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан.

Ол 1986–1991 жылдары Ақкемер мектебінде оқиды. Кейін отбасы Ақтөбе қаласына қарасты Кеңес-Нокин ауылына қоныс аударып, Болгадар орта мектебінде 1996–1999 жылдары оқып, орта білім алады. Сол жылы Ақтөбе ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдайды. Білімге деген құштарлығы оны әрі қарай жетелеп, Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетке оқуға түседі. 2006 жылы «Ауыл шаруашылығы өнімдерін стандарттау және сертификаттау» мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады.

Жас маман еңбек жолын Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының селекция бөлімінде лаборант қызметінен бастайды. Отбасының Ащылысай ауылына қоныс аударуына байланысты 2014 жылдан бастап Ащылысай орта мектебі жанындағы балабақшада хатшы болып еңбек етеді. Ал 2017 жылдан бері осы мектепте шаруашылық меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.

Кәсіпкерлікке бет бұруы да ертерек басталған. 2004 жылдан бастап жеке кәсіппен айналысуды қолға алып, 2015 жылы жолдасымен бірлесе отырып «Даму» бағдарламасына қатысып, жобасы мақұлданады. Алынған қаржыға ірі қара мал алып, ауыл тұрғындарын ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге кіріседі.

Өмірдің ауыр сынағы да бұл отбасыны айналып өтпейді. 2005 жылы отау құрған жұбайы Аманжол Жәнібекұлы 2020 жылы дүниеден өтеді. Бүгінде Гүлгүл жалғыз өзі 4 ұл, 1 қызды тәрбиелеп, тағдырмен тайсалмай күресіп келеді.

2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қайта қатысып, 2 миллион 290 мың теңге көлемінде қаржы алады. Бұл қаражатты тиімді пайдаланып, сауын сиыр ұстап, сүттен түрлі өнімдер – әсіресе ірімшік дайындауды жолға қойған. «Ауыл аманаты» есебінен 50 ірімшік қалыптары, таразы, вакуумдық құрылғы, пресс, т.б. қажетті заттар сатып алынған. Айтуға оңай көрінгенімен, бір тәулікте балаларымен бірігіп 5–10 келі ірімшік дайындау – үлкен еңбек. Өз сиырларының сүті жетпеген кезде ауыл тұрғындарынан сүт жинауға тура келеді. Ең бастысы – бұрынғы қарыздарын жауып, бүгінде таза өзіндік өніммен жұмыс істеп отырғаны.

Кейіпкеріміз Гүлгүл  тек кәсіпкер ғана емес, қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында. Ол ауданымыздағы  іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі. Сондай-ақ, 2016 жылдан бері Ащылысай округіндегі №6 сайлау округінің хатшысы, ал 2023 жылдан бастап сайлау комиссиясының төрайымы ретінде ауылда сайлаудың әділ өтуіне өз үлесін қосып келеді.

Балаларының жетістігі – ана еңбегінің айғағы. Тұңғышы Әмір Алматы қаласындағы Қазақстан – Британ техникалық университетінің 1-курс студенті. Одан кейінгі ұлы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 1-курс студенті. Екеуі де грантпен білім алып жүр. Қалған балалары мектепте оқып, анасына қолғабыс болып өсіп келеді.

Еңбегіне қарай еліне сыйлы, ауданға танымал кәсіпкердің марапаттары да аз емес. 2016 жылы аудандық «Мерейлі отбасы» байқауында ІІ орын иегері атанды. Аудан және ауыл әкімдіктерінің, аудандық білім бөлімінің, Ащылысай орта мектебі директорының алғыс хаттарымен марапатталған.

Бұрын да, қазір де ауыл әйелдерінің табандылығы ауыл әлеуетін айқындайтыны сөзсіз. Осындай еңбекқор аналардың ерен еңбегі ел болашағына сенім ұялатып, жастарға үлгі, өмірге тәрбие мектебі деп бағалауға әбден лайық.

Бақыт ИМАШЕВ