ДӘМ МЕН ДАРЫН ТОҒЫСҚАН ДОДА: “FOOD BATTLE” – жас аспаздардың жарқын сайысы

Өткен аптада №2 Бадамша орта мектебінде қыздар арасында ерекше форматтағы “FOOD BATTLE” аспаздық сайысы өтті.

Аталған шара «Аспаздық іс» бейіндік тобының жоспарына сәйкес ұйымдастырылып, Жастар ресурстық орталығының қолдауымен жүзеге асты.

Сайыстың басты мақсаты – оқушы қыздардың аспаздық өнерін дамыту, шығармашылық қабілеттерін шыңдау, сондай-ақ командалық жұмыстың маңыздылығын ұғындыру.

Байқауға барлығы үш команда қатысты. Олардың екеуі №2 Бадамша орта мектебінің өнерлі қыздарынан құралса, үшінші команда серіктес мекеме – Бадамша агротехникалық колледжінің белсенді студент қыздарынан жасақталды.

Аспаздық сайыс екі кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде қатысушылар Quiz форматында аспаздыққа қатысты теориялық сұрақтарға жауап беріп, өз білім деңгейлерін сынға салды. Бұл кезеңде қыздардың теориялық дайындығы мен логикалық ойлау қабілеті айқын байқалды. Ал екінші кезеңде нағыз шеберлік сынға түсті. Командалар салат дайындап, түрлі коктейль жасап, тағамның дәмі мен безендірілуіне, эстетикалық үйлесіміне ерекше мән берді. Әрбір команда өздерінің креативтілігі мен талғамын көрсетіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болуға тырысты.

Сайыс тартысты да қызықты өтіп, достық атмосферада ұйымдастырылды. Қатысушылар бір-бірімен тәжірибе алмасып, өзара қолдау көрсете білді. Бұл шара жасөспірімдер арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға да үлкен үлес қосты.

Осылайша, сайыс қорытындысы бойынша: ІІІ орынды – Аружан Мамбетсалиева, Ару Бекболат, Аяна Бижанова ие болса, ІІ орынды – Алина Абдрахманова, Дариға Қуат, Александра Шлее (Бадамша агротехникалық колледжі) иеленді.

Сонымен қатар, №2 Бадамша орта мектебінің өнерлі қыздары – Лана Турсунова, Гүлай Көптілеу, Назира Қосай да сайысқа белсене қатысып, өздерінің белсенділігі мен шығармашылық әлеуетін көрсете білді.

Іс-шара соңында Жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбан сөз сөйлеп, қатысушыларға алғысын білдіріп, сайысқа қатысқан командаларға арнайы сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, ол жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған мұндай тағылымды іс-шаралардың маңыздылығы зор екендігін де ерекше атап өтті.

Аталған аспаздық сайыс – жас таланттарға шабыт сыйлаған, дәм мен өнерді ұштастырған жарқын шаралардың бірі болды.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерСайыс