ӘЛІМБЕТТЕ «ЖАС САРБАЗ» САЙЫСЫ ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ЖІГЕРІН ШЫҢДАДЫ

Ауданымызға қарасты Әлімбет ауылындағы Әлімбет орта мектеп-балабақшасында әскери-патриоттық бағыттағы тағылымды шара өтті.

Сайыс «AMANAT» партиясының бастамасымен, аудандық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен, «QAISAR» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған «Жас сарбаз» байқауы жасөспірімдерге рух беріп, елжандылықты дәріптеді.

Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, әскери даярлыққа баулу, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау. Бұл игі бастама жас буынның бойында жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастыруға бағытталды.

Сайысқа мектептің жоғары сынып оқушылары, ОПК және шекара заставасының қызметкерлері қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар күш-жігер мен төзімділікті, ептілік пен шапшаңдықты талап ететін бірнеше кезеңде өз шеберліктерін көрсетті. Әр кезеңде қатысушылардың дайындығы мен ынтасы айқын аңғарылды.

Бұл сайыстың әділ өтуін қадағалаған қазылар алқасының құрамында «AMANAT» партиясы Қарғалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова, аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбан және мәслихат депутаты Татьяна Глуханькова болды.

Осылайша, патриоттық байқауда қазылар алқасы қатысушылардың өнерлерін тамашалап, олардың белсенділігі мен дайындық деңгейіне жоғары баға берді.

Нәтижесінде, жалпы командалық есеп бойынша: І орын – мектеп оқушыларына, ІІ орын – ОПК шекара командасына, ал ІІІ орын – застава шекара командасына бұйырды.

Айта кетейік, сайыс жекелей сындар да тартысты өтіп, автоматты шашып-жинау кезеңінде Ернұр Нұрмахамет, қолды бүгіп-жазу жаттығуында Руслан Суенгариев, бұлшық еттерін күшейту жаттығуында Данила Бек және оқ ату сайысында Ернар Нұрмахамет үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі І орынды иеленді. Ал ОПК шекара командасынан Артем Грабович тартылу жаттығуында қарсыластарынан оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай шаралардың әскери-патриоттық тәрбиедегі маңызын атап өтіп, жас сарбаздарға алғыс білдірді.

«Жас сарбаз» сайысы – тек бәсеке емес, достық пен бірлікті нығайтқан, отансүйгіштік рухты асқақтатқан мазмұнды шара болды. Осындай игі бастамалар арқылы жас ұрпақ ел қорғаны болуға дайын, жігерлі азамат болып қалыптасатыны сөзсіз.

Алина МУХАМЕДИЯРОВА