Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылу барысымен танысты
Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы
Президентке Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде баяндалды. Аталған бастама қолға алынғалы бері өңір бойынша 1471 жобаға 6,6 миллиард теңге көлемінде несие берілген. Сондай-ақ биыл қыркүйек айында қосымша 12,5 миллиард теңге қаржы бөлінген.
Мемлекет басшысына бағдарлама аясында аймақтағы 209,8 гектар алқапқа көкөніс және бақша дақылдары егіліп, жалпы аумағы 1 гектардан асатын 77 шағын жылыжай салынғаны туралы айтылды. Сонымен қатар 101 кондитерлік цех пен наубайхана, 129 шағын сүт өңдеу, 65 ет өңдеу жобасы іске қосылған.
Бұдан бөлек, Ақтөбе облысында 1210 жаңа жұмыс орны ашылып, 1062 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Бір ғана Мәртөк ауданының өзінде аталған бағдарлама шеңберінде ұсынылған 195 жобаға 902,5 миллион теңге несие берілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен және аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерімен танысқаннан кейін жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесті.
Президент ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» бастамасы қолға алынғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның тиімді тұстарын атап өтіп, мемлекет шаруаларға, шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсететініне назар аударды.
akorda.kz