Үйге асықтырған кәсіп

«Ауыл аманаты» жобасына қатысқаны болмаса, жалпы бұл отбасы кәсіпті дамытуда бірлесіп еңбек етіп  келеді. Аталмыш жоба кім-кімге де табыс көзі бола білді. Осы орайда бүгінгі мақаламның кейіпкері де осы «Ауыл аманаты» жобасының қатысушылары.

-Мен өзім Бадамшада аудандық қорғаныс бөлімінде қызмет етемін. Осы жобаға қатысқалы үйге асығып тұратын болдым. Неге десеңіз, алған құстардың жағдайы алаңдатады. Сенбі, жексенбіде де шаруаға көмектесіп, құстармен  сырласқандай уақыт өткізгенді жақсы көремін. Әкем Ғарифолла мен анам Рыстыны аудан жұртшылығы жақсы біледі. Оларды таныстырып жатудың да қажеті жоқ, себебі, екеуі де ауыл-аймаққа танымал.  Степной ауылына еңбегі сіңген адамдар. Қазіргі уақытта екеуі де ауылда жұмыста. Отбасымда інім Нұрсұлтан екеуміз. Мен ауылдағы Сазды орта мектебін бітіріп, жоғарғы оқу орынын тәмамдап, бірнеше жұмыс орынында қызмет еттім,-дейді.

Биылғы «Ауыл аманаты» жобасы басталғанда отбасы болып ақылдасып, құжат тапсырған. Жоба аясында құжаттары мақұлданып 6 миллион теңгені 2,5 пайыздық жеңілдікпен қол жеткізеді. Осылайша, иеленген қаржыны өсім беретін  тауықтарға жұмсап, 3 млн. теңгеге қаз, үйрек тағы да басқа қажетті жемі мен құрал-саймандар алуға жұмсаған. Табанды еңбектің арқасында  елмен бірге тәуекел етіп, алғашқы жемісін көре бастаған. Қазір күз болғандықтан тауықтар  күніне 25-30  данадай жұмыртқа береді екен. Ауыл –аймақ, көрші-көлемге 550 теңгеден сатады.  Қаздардың да бағасы қол жетімді, яғни   3 мыңнан сататындарын айтты. 1 қаздың өзі 4-5 келідей болады. 100 бас үйректі де сойып,  қол жетімді бағаға саттыққа шығарып отырады.

Осылайша, тәуекел  еткен жобаның  жемісін көріп отырған отбасы алдағы уақытта да қолдағы барды жетілдіріп, өзімізге кәсіп, ауыл-аймаққа аз да болса пайдамызды тигізсек дейді. Кәсіп иелері ауыл жастарына ауылдың дамып өркендеуіне үлес қосып, еңбек етуге шақырады. Ауылды ауылда туғандар ойлап дамытуға үлес қоспаса, басқа кім ауылға жан бітіреді деген де жылы лебізін білдірді.

Бақыт ИМАШЕВ.