Құсты баптау, мал баққанмен бірдей
Айнұрдың айтуының да жөні бар, балабақшаның тәрбиешісі екеуінде қатар атқарып жүрген еңбекқор жан.
Айнұр Мылтықбаева Жосалы ауылының 31 жасар тұрғыны. Осы жерде өсіп-өніп жастайынан ауыл өмірінің қыр-сырын біліп өскен жасқа кәсіп бастау қиындыққа соқпағандай. Бүгінгі таңда Жосалы орта мектеп балабақшасында еңбек ете жүріп, жолдасы Серікбол екеуі ақылдаса келе «Ауыл аманаты» жобасына қатысқан.
Елмен қатар жобаға үміттенген талаптары ақталып, қолдарына тиген 2 млн 300 мың теңге ниесиелік қаржыға 200 бас қаз, 100 шақты тауық, үйректер сатып алып, өсірген еңбектерінің жемісін де көре бастауда. Тауық жұмыртқаларын дүкендерге салып, қаз-үйректерді күздік пен қыс соғымына семіртуде. Балабақша жұмысы одан қалды үй шаруасына үлгеріп жүрген Айнұрға жолдасы Серікбол көмекші. Ол қорадағы сиыр, қой малының бақташысы. Жас отбасы Серікбол мен Айнұр 3 баланы тәрбиелеп отырған ата-ана. Кәсібін дөңгелетіп, балалардың тілін тауып, құс балапандарын қарап отырған кәсіп иесі бұның барлығы ерінбейтін еңбек пен төзімділікті қажет етеді дейді.
-Әркім міндетсінбей, отбасы мүшелері бірігіп еңбек еткенде ғана көп нәрсеге қол жеткізе алады. Сондай-ақ, қазіргі кезде әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеруі үшін заман ағымына бейімделуі арқылы бәсекеге қабілеттілігін артыра алады. Отбасында бір-бірін қолдаса, шаруа алға басады. Осы кәсіп пен жұмысты қатар алып жүруім жолдасымның арқасы. Өз замандастарым мен жалпы жастарға айтарым бірліктегі тірліктің жемісі тәтті, жеңісі зор,-дейді жас кәсіп иесі Айнұр.
Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы».