ҮНСІЗДІК – ҚАУІП, ТҮСІНДІРУ – ҚОРҒАН

Жаңа жыл қарсаңында ауданымыздағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ғимаратында қоғам үшін аса маңызды тақырып – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне арналған тағылымды кездесу өтті. Мазмұны терең, мағынасы салмақты бұл басқосу ардагерлерге бағытталған маңызды түсіндіру алаңына айналды.
Жиынға «Сенім» отбасын қолдау орталығының заңгері Николай Смолинец, Қарғалы ауданы полиция бөлімі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі инспекторы, аға лейтенант Самир Габибов, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Ануарбек Молдагереев және аудан ардагерлері қатысты.
Кездесу барысында бүгінгі қоғамда өзектілігін жоймай отырған зорлық-зомбылық мәселесі жан-жақты талқыланды. Мамандар ардагерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған нақты ақпараттар ұсынып, мұндай келеңсіз жағдайларға бейжай қарамаудың маңызын атап өтті.
Заңгер Николай Смолинец зорлық-зомбылық ұғымына заң аясында кеңінен тоқталып, жәбірленушілердің құқықтары мен оларды қорғаудың құқықтық тетіктерін түсіндірді. Ал полиция қызметкерлері күнделікті қызмет барысында кездесіп жүрген нақты оқиғаларға сүйене отырып, отбасындағы әлімжеттіктің салдары тек жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамның тыныштығына қауіп төндіретінін жеткізді. Осы орайда «Үнсіздік – зорлықты күшейтеді» деген ой жиынның басты өзегіне айналды.
Сонымен қатар кездесуде зорлық-зомбылықтың ең осал топтардың бірі – қарттар арасында да жиі кездесетіні жасырын емес екені айтылды. Өкінішке қарай, кейбір жағдайларда үлкендеріміз психологиялық қысымға, тұрмыстық әлімжеттікке немесе немқұрайлыққа тап болып жатады. Осыған байланысты полиция бөлімінің мамандары ардагерлерге сақтық шараларын жан-жақты түсіндіріп, күмәнді жағдайлардан сақ болу, бөтен адамдарға жеке мәліметтерін жария етпеу, сондай-ақ қысым көрген сәтте тұйықталмай, дер кезінде тиісті органдарға жүгіну қажеттігін баса айтты.
Мамандар мұндай жағдайда үнсіз қалу мәселені одан әрі ушықтыра түсетінін, ал уақытылы хабарласу мен ашық айту зорлық-зомбылықтың алдын алудың ең тиімді жолы екенін жеткізді. Үлкенге құрмет, қартқа қамқорлық көрсету – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл қасиеті екенін еске салған олар, әрбір ардагердің қауіпсіздігі мен тыныштығы қоғам назарында болуы тиіс екенін атап өтті.
Кездесудің мазмұнын байыта түскен ерекше сәттердің бірі – орталық жетекшісі Гүлмира Есенаманова ұйымдастырған психологиялық сергіту ойыны болды. Ол қатысушыларға ақ парақ таратып, көкейлерін мазалаған ойларын қағаз бетіне түсіруді ұсынды. Кейін сол парақтар жыртылып, Аяз атаның қалтасына салынды. Бұл – ескі жылмен бірге ауыр ойлар мен қиындықтарды артта қалдырып, жаңа жылға үмітпен қадам басудың символдық көрінісі еді. Қатысушылар бұл сәтті ерекше тебіреніспен қабылдады.
Жиын соңында сөз алған аудан ардагерлері көтерілген тақырыптың өзектілігіне тоқталып, қоғамда бейбітшілік пен өзара сыйластықты сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Олар зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарының маңызын жоғары бағалап, арнайы келіп, жан-жақты ақпарат берген мамандарға шынайы ризашылықтарын білдірді.
Бұл басқосу көпшілікке ой салған, жүрекке жеткен, сананы серпілткен тағылымды кездесу болды. Әрбір қозғалған мәселе қоғамды алаңдатқан түйткілдерге бейжай қарамауға шақырған үндеу іспетті. Осындай мазмұнды кездесулер құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, жүрекке үміт ұялатып, мейірім мен ізгілікке жетелейді. Өткен жылмен бірге ауыр ойлар артта қалып, алдағы күндерге сеніммен қарауға мүмкіндік берген бұл жиын – зорлықсыз, тыныш әрі татулығы жарасқан қоғам құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА








