Қарғалы ауданының әкімі Нұрлыбек Унербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты туралы пікірін білдірді

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты – ел дамуының жаңа кезеңіндегі басымдықтарды айқын көрсеткен мазмұнды әрі терең сұхбат болды.

Бүгінгі таңда мемлекет үшін ең маңызды бағыттардың бірі – тиімді басқару мен заманауи технологияларды ұтымды пайдалану. Президенттің цифрландыру мен жасанды интеллектке ерекше мән беруі – Қазақстанның әлемдік үрдістерден қалыс қалмай, керісінше, сол үдерістердің бел ортасында болуына бағытталған шешім. Бұл бастамалар ең алдымен қарапайым халықтың өмір сапасын жақсартуға қызмет етуі тиіс.

Қарғалы ауданында да Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарға сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету, әлеуметтік саланың тиімділігін арттыру, тұрғындармен кері байланысты күшейту бағытында нақты қадамдар жасалып келеді. Цифрлық шешімдерді енгізу – ауданның басқару мәдениетін жаңғыртып, ашықтық пен жауапкершілікті арттырудың маңызды құралы.

Президент сұхбатында айтылған адами капиталды дамыту, білім мен тәртіпті басты құндылық ретінде қалыптастыру мәселелері – жергілікті деңгейде де күн тәртібінен түспейтін міндеттер. Ауданымызда жастарға қолдау көрсету, мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру және қоғамдық тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Мемлекет басшысы белгілеген мақсаттар – ел үшін ортақ, ал оны жүзеге асыру – әр өңірдің, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Біз өз тарапымыздан осы бағытта бірлесе еңбек етіп, Қарғалы ауданының дамуына бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.

Еліміз өркендеп, халқымыздың бірлігі нығая берсін!”