Адами капитал – Әділетті Қазақстанның ұстыны
Әділетті Қазақстан
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасы жарияланып, жүзеге аса бастағалы бір жыл уақыт өтті. Еліміздің жаңа тарихи кезеңдегі негізгі даму бағыттарын айқындап көрсеткен құжатта Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға да айрықша көңіл бөлген. Осыған орай біз Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовті сөзге тартып, сайлауалды бағдарламада адами капитал сапасына тікелей қатысы бар білім беру және денсаулық сақтау салаларына тиесілі міндеттер қаншалықты жүзеге асып жатқанын сұрап білдік.
– Асхат Қанатұлы, Президент өзінің сайлауалды бағдарламасын жариялағанда «Басты мақсат – Әділетті Қазақстанды құру» дегені белгілі. Соның бір нақты көрінісі – Ұлттық қордың қаражатын балалардың шотына аударып отыруға қатысты жаңа заңның қабылдануы. Күні кеше ғана қол қойылған бұл құжаттың маңызы неде?
– Иә, сайлауалды бағдарламада айтылған бастамалардың жүзеге асып жатқанына бір жыл ғана өтті. Өте аз уақыт сияқты, дегенмен осы бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылып үлгерді. Бағдарламада қамтылған бастамалар Президенттің жеті жылына арналғанымен бір жылдың ішінде олардың көп бөлігі орындалғанын көріп отырмыз. Ең бастысы, бұлар ешқандай науқаншылыққа салынбай, қадам-қадаммен, байыппен, жан-жақты сараптамадан өтіп, жоспарлы түрде іске асырылып жатыр.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы – сайлауалды бағдарламада нақты көрсетілген тапсырмалардың бірі. Күні кеше заң қабылданып, оған Мемлекет басшысы қол қойды. Бұған дейін Ұлттық қорды өз азаматтарымыз үшін, әсіресе балаларымыздың келешегі үшін пайдалану мәселесі қаншама жыл бойы көтеріліп келді. Міне, енді соның нақты шешімі шығарылып, қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа толғанға дейін балаларымыздың арнайы шоттарына аударылып отыратын болды. Ол қаражатты ертеңгі күні кәмелетке толған соң білім алуға немесе баспаналы болу мақсатына жұмсай алады. Мұны өте маңызды тарихи шешім дер едім. Өйткені бұдан былай қор қаражатының жұмсалуына да қоғам басқаша көзбен қарамақ.
Президент сонымен қатар Ұлттық қордан бюджетке алынатын қаражатты азайту туралы да тапсырма берді. Бұл да – қоғамның талабы. Біз осы талапты ескере отырып, күні кеше республикалық бюджетті бекіттік. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық қор қаражатын 100 млрд долларға дейін жеткізу туралы және оны бұрынғыдай консервативті емес, тиімді инвестициялық тұрғыда жұмсау бойынша тапсырмасы да өте маңызды шешім.
– Президент білім мен ғылымды дамытудың маңыздылығын ұдайы айтып келеді. Сайлауалды бағдарламасында да осы мәселеге кеңінен тоқталды. Бұл бағытта атқарылған немесе қазір орындалып жатқан қандай жұмыстар бар?
– Бүгінгі таңда дүниежүзіндегі маңызды үрдіс – адами капиталды дамыту. Барлық мемлекет сол үшін жан-жақты қамданып жатыр. Ал оған тек білім мен ғылымның арқасында ғана қол жеткізуге болады. Президент білім беру саласын дамыту туралы айтып қана қоймай, нақты шаралардың қабылдануына тікелей өзі түрткі болып та келеді. Мен оны осы саланы басқарған адам ретінде сеніммен айта аламын. Мәселен, мұғалімдер жалақысының өсуі – Президенттің тікелей тапсырмасы.
Елді ғылым өркендетсе, сол ғылымға барар жол – балаларымыздың қазіргі заманға сай, жан-жақты қамтылған мектептерде білім алуында жатыр. Осыған орай Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып, биыл оның құрылысына 2,4 трлн теңге қаражат бөлінді. Бұл – өте қомақты сома. Бұған дейін жыл сайын мектеп салуға 100 млрд теңге ғана бөлініп келген еді. Қанша уақыттан бері үш ауысымды, апатты мектептер проблемасы көтеріліп жүр. Биылдан бастап бұл мәселелер шешіліп қана қоймай, жай мектеп емес, балалар үшін жайлы, заманауи мектептердің саны көбеймек. Еліміздің әр өңірінде осындай 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір кейбірінің құрылысы басталып та кетті.
Осы орайда «Жайлы мектеп» деген не, соған тоқтала кетсек. Ол әлемдегі ең озық мектептер үлгісіндегі, материалдық-техникалық жағынан толыққанды жабдықталған білім ордалары болмақ. Бұрын біз 1 200 орындық мектеп ашылғанда ішінде бір спортзалы болса, соған қуанатынбыз. Шын мәнінде, мұнша балаға бір спортзал аздық етеді. Бірақ соның өзіне шүкір деп келдік. Ал жайлы мектепте бір емес, бірнеше спортзал болады. Мысалы, Астанада алғашқы «Binom» мектептері ашылғанда бәрі балаларын соған бергісі келді. Енді жайлы мектептердің деңгейі «Binom»-нан да жоғары болмақ. Бұл қарапайым тұрғындар үшін қолжетімсіз, бағасы қымбат немесе дарынды балаларға ғана арналған мектептер емес. Ауыл балалары да ол жерде тегін білім алады.
Осы орайда мектептерге қатысты тағы бір маңызды мәселені айта кетсек. Биыл Парламент заңсыз иемденілген активтерді қайтару бойынша заң қабылдады. Бұл заңның ішінде білім саласына қатысты да бап бар. Қазірдің өзінде 1 трлн-ға жуық қаражат мемлекетке қайтарылса, оның ішінде шамамен 150 млрд теңгесі білім саласы үшін арнайы ашылған шотқа түсті. Сол ақшаға да еліміздің әр өңірінде мектептер салынып жатыр. Яғни бұл жемқорлардан қайтарылған қаражат білім саласына тікелей аударылып жатыр дегенді білдіреді.
– Бастауыш сынып оқушыларының мектепте тамақтануы тегін жүзеге асырыла бастағаны да жұртшылық көңілін серпілткен жаңалық болды.
– Иә, бұл – Президент бастамашы болған ерекше тапсырмалардың бірі. Биылғы қыркүйектен 1-4-сыныптарда оқитын 1,4 млн-нан аса балаға, соның ішінде осал топтағы барлық балаға ыстық тамақ беріле бастады. Оған 100 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Өйткені балалардың денсаулығы, әл-ауқаты, тіпті сабақ үлгерімі де олардың дұрыс тамақтануына байланысты. Сондықтан оған айрықша көңіл бөлініп жатыр. Қоңсы отырған мемлекеттердің басым көпшілігінде оқушыларға мұндай жағдай жасалмаған.
– Президенттің сайлауалды бағдарламасында мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие мәселесіне де көңіл бөлінгенін білеміз.
– Біріншіден, биыл қыркүйекте балабақша қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өскенін айта кету керек. Сала басшылығының мәлімдеуінше, бұдан әрі де өседі. Өйткені оларға жақсы жағдай жасалмаса, балдырғандарды оқытып, тәрбиелейтін мекемеге жоғары білікті маманның келе қоюы екіталай. Сайлауалды бағдарламада балаларды мемлекеттік балабақшаларға 2 жастан бастап қабылдау туралы айтылғаны белгілі. Бұған дейін 3 пен 6 жас аралығындағы балалар ғана қабылданатын еді. Сонымен қатар жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша бюджеттен 15-20 мың балаға орын ашылып келген болса, биылдың өзінде 80 мыңнан аса орынға балабақша салуға қаражат бөлініп, өңірлерге таратып берілді. Мұны да кейінгі бір жылдың ішінде жеткен жетістіктеріміздің қомақтысы деп айтуға әбден болады.
Осыған орай тағы бір өзекті мәселе – балдырғанның барлығына балабақшадан орын ұсыну. Біз өмірге келіп жатқан балалардан балабақшаға кезекке тұратындардың саны аз екенін байқадық. Неге? Отбасының цифрлық картасын қарап көрсек, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған, күйзеліс жағдайындағы отбасылардың 100 мыңға жуық баласы балабақшаға бармайтыны өз алдына, тіпті кезекке де тұрмайды екен. Өйткені мемлекеттік балабақша тегін болғанымен, ата-ана тамаққа ақша төлеуі керек. Бірақ соның өзін қалтасы көтермейтін қиын жағдайдағы отбасылар бар. Ол балалар үйде отырғандықтан ертеңгі күні мектепке дайындықсыз барады. Кішкентайынан құнарлы тамақ жейтіндері де аз. Нәтижесінде, денсаулығы да жақсы болмай, даму-жетілу тұрғысынан қатарластарынан қалып қоюы мүмкін. Біз осы мәліметтің бәрін Президентке жеткізгеннен кейін ол Отбасының цифрлық картасындағы жағдайы төмен отбасылардың балаларына балабақшаны ғана емес, оның тамағын да тегін қылу туралы тапсырма берді. Бұл шара әлеуметтік теңсіздікті азайтуға және балаларға ыстық тамақ ұсынуға ықпал етіп отыр.
Президент ерекше күтімді қажет ететін балаларға айрықша көңіл бөлуді де тиісті салаларға тапсырма етіп жүктеді. Соның бір шешімі – Психологиялық медициналық педагогикалық кеңес беру (ПМПК) желілерін кеңейту қолға алынып жатыр. Биыл елімізде ПМПК саны 100-ге, ал оңалту кабинеттерінің саны 210-ға жетті. Мақсат – балалардың дамуында ауытқу барын ерте жастан анықтау. Шынын айтқанда, бізде көп жағдайда балалар мектепке баратын кезде ғана ауытқуы анықталып жатады. Сосын оларды басқа балалар секілді тәрбиелеуге, бейімдеуге мүмкіндік болмайды. Сондықтан ауытқуды дер кезінде анықтап, оңалту жұмыстарын жүргізсе, басым көпшілігін қалыпты жағдайға жеткізіп, қоғамға бейімдеуге болар еді. Осы орайда Президент тапсырмасы бойынша Мәжіліс «Инклюзивті білім беру туралы» заң қабылдап, оңалту орталықтарын ашуға мемлекеттік тапсырыс беру тетігін іске қосты. Әрине, бұл бағытта әлі де шешуді қажет ететін мәселелер бар. Бірақ бастама көтерілді, енді іс жалғасын табады.
– Тұрғындарға медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында «Ауылдық жерде денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты ұлттық жобасы бекітілді. Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы денсаулық сақтау саласына қатысты өзге де қандай тапсырмалар жүзеге асып жатыр?
– Өзіңіз айтып отырған ұлттық жоба аясында ауыл-аймақта 600-ден астам жаңа нысан салынбақ. Қазір ол іске асырыла бастады. Атап айтқанда, ұлттық жоба аясында 11 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысы аяқталды. 99 нысанда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ауылдарға ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар салу, ескілерін жөндеп жаңарту, құрал-жабдықтар сатып алу, медицина қызметкерлерін біліктілік курстарына жіберу секілді өзекті мәселелер осы жоба аясында шешімін табады.
Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкіметке 50 сауықтыру лагерін ашу туралы берген тапсырмасы да ауыз толтырып айтарлық жаңалық.
– Мемлекет басшысы ғылыми-технологиялық және экономикалық саясаттың өзара байланысын күшейтуге тоқтала келе, ғылым мен технологиялық саясат туралы арнайы заң қабылдау қажеттігін атап айтты. Осы заң туралы кеңінен айтып берсеңіз.
– Иә, аталған заң жобасы осы жылдың маусым айында депутаттардың бастамасымен дайындалып, регламентке сәйкес Үкіметке қорытынды алуға жіберілді. Оның ішінде көптеген маңызды мәселе қарастырылған. Біз жақында ғана 2023-2025 жылдарға арналған ғылым бюджетін бекіттік. Биыл ғылым саласына қаражат әлдеқайда көп бөлініп отыр. Нақтырақ айтқанда, 3,3 есе көбейіп, 643 млрд теңгені құрады. Ғалымдардың жалақысы екі есе көбейді. Президент ғылыми зерттеулер сөреде жатып қалмай, оны қолданысқа енгізу, жұмыс істеткізу қажетін айтып келеді. Яғни ол ғылым өндіріс пен бизнеске енуге тиіс. Ол үшін ғылымды коммерциялау қажет. Бөлінген қаражат осы мақсатта тиімді жұмсалады.
Бұған дейін ғалымдарымыз тарапынан конкурс бойынша грант ұтып алып жұмыс істеуге қатысты түйткілді мәселе жиі көтерілетін. Ғылыми-зерттеу ұйымдары грант ұтса, жұмысын жүргізеді, ұта алмаса, жабылатын немесе ғалымдарымыз басқа салаға кететін. Президент бастамасының арқасында заңға түзету енгізіліп, бұдан былай жетекші ғылым ұйымдары мемлекет тарапынан үздіксіз түрде, тікелей бюджеттен қаржыландырылатын болды. Айта кетейік, 2021 жылы 11 бағыт бойынша ғылыми-зерттеу институттары тікелей қаржы алып келді. Жаңа заң жобасында мемлекеттен қаржы алатын ғылыми-зерттеу институттары мен ғалымдардың санын көбейту ұсынылды. Оның қатарына ауыл шаруашылығы, медицина институттарын кіргізу жоспарда бар.
Тағы бір маңызды мәселе – мегагранттар атты қаржыландырудың жаңа түрін енгізуді ұсындық. Аса маңызды зерттеулерді жүргізу ұзақ уақыт пен қомақты мемлекеттік инвестицияны талап етеді. Оны қолданыстағы қаржыландыру тетіктері арқылы іске асыру мүмкін емес. Сондықтан жаңа грант түрі аталған зерттеулерді ұзақ уақыт бойы үзбей атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бермек.
Бұдан бөлек, заң жобасының ішінде клиникалық зерттеулер жүргізу және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді дайындау, ғылыми-танымдық журналдарды, оқулықтар мен монографияларды шығару, инфрақұрылымды дамыту және жаңа зертханалар ашу үшін жоғарғы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары үшін де жаңа грант түрлерін ұсыну туралы жазылған.
Заң жобасында көтерілген тағы бір маңызды мәселе – жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктерге ғылыми жобаларды қаржыландыру бойынша құзырет беру. Бүгінде бюджетте қаражат бар болса да, әкімдіктер оны ғылыми зерттеулерге жұмсай алмайды. Мәселен, әр өңірдің өзіндік проблемасы, ғылыми тұрғыда шешетін шаруасы болуы мүмкін. Біз сол проблемалардың шешімін табуы мақсатында ғылыми ізденістер жасап, оның нәтижелерін қолдану үшін әкімдіктердің қаржылық ресурстарын пайдалану құқығын беруді ұсынып отырмыз.
Бұдан бөлек, заң жобасында ел ғалымдарының ғылыми жаңалықтары күнделікті өмірде қолданылып, іске асып жатса, оларға салықтық жеңілдіктер беру туралы бастама да бар. Бұл – ел үшін де, ғалымдарымыз үшін де өте жақсы стимул. Жалпы, заң жобасында көрініс тапқан ұсыныстардың бәрін бір сұхбаттың ішінде айтып шығу мүмкін емес. Егер осы жоба қабылданып, іске асып жатса, бұл еліміздің ғылым саласының дамуына серпінді үлесін қосады деп үміттенеміз. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан осынау іс-шаралардың түпкі межесі Әділетті Қазақстанға ұстын болатын адами капиталды нығайту екені белгілі.
– Кейінгі кезде қоғамда резонанс тудырған мәселенің бірі – отбасындағы зорлық-зомбылық проблемасы. Президент сайлауалды бағдарламасында осы мәселені де атап өткен еді.
– Адамдардың көбі зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шаралар кейінгі күндері болған оқиғадан кейін ғана нақты қолға алынып жатыр деп ойлауы мүмкін. Алайда бір жыл бұрын Президенттің сайлауалды бағдарламасында зорлық-зомбылықты тоқтату мәселесі арнайы бағыт ретінде көрініс тапқан еді. Атап айтқанда, бағдарламаның төртінші бағытында азаматтардың, соның ішінде бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі қозғалды. Нәтижесінде, бір жылдың ішінде бұл келеңсіздіктің алдын алу үшін бірнеше заң қабылданды. Жақсы өзгерістер бар. Мәселен, бұрын зорлық-зомбылық оқиғасы болса, жәбір көрген адамның өзі арыз жазуға тиіс еді. Көбіне полиция қызметкері барғанда ол адам ойынан айнып, арызын қайтып алатын. Осылайша, тіркелмеген, іс қозғалмаған зорлық оқиғалары көп-тін. Енді жаңа өзгерістерге сай полицияға тек жәбір көрген адамның өзінен емес, оның көршілерінен, таныстарынан, адамдардан дабыл түссе, тәртіп сақшысы оқиға орнына барып, міндетті түрде әкімшілік іс қозғайтын болды.
Алдағы уақытта Қылмыстық кодекстің шеңберінде де зорлық-зомбылыққа қатысты қабылданатын шараларды жетілдіру, қатаңдату көзделіп отыр. Бұған қоса құқықтық мәдениет, құндылықтар тұрғысынан да қарау өте маңызды. Президенттің заң үстемдігі мен тәртіпті сақтау жайында үнемі айтып келе жатқаны сол. Осы екі басты қағида біздің идеологиямыздағы, қоғамдық санамыздағы өзекке айналуы керек. Өйткені Президенттің ең үлкен бастамасы – Әділетті Қазақстан құру, әділ қоғам орнату екені белгілі. Барлық адам заң мен соттың алдында тең болса, заң талаптары орындалса, әділдік деген міне сол. Мұндай қоғамда біз айтып отырған зорлық-зомбылықты да, әділетсіздікті де барынша азайтуға мүмкіндік туады.
Біздің айтып отырғанымыз – Президенттің сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан және бір жыл ішінде орындалған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Нәтижесі айқын, миллиондаған азамат оның жемісін көріп жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»