ТЕМІРЖОЛ – АУДАН ТАРИХЫНЫҢ ТАМЫРЫ

Өткен мен бүгінді, адам тағдыры мен уақытты бір арнаға тоғыстырған теміржол – ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының айнымас бөлігі. Біздің өңіріміздің қалыптасу кезеңдері де теміржол тарихымен тығыз байланысты. Себебі дәл осы теміржол елді мекендердің өсіп-өркендеуіне, еңбек адамдарын бір мақсатқа жұмылдыруға, тұтас бір дәуірдің тынысын айқындауға қызмет етті.

Осы тағылымды тақырып аясында өткен аптаның жұма күні аудандық музейде «Теміржол – уақыт пен тағдырды жалғаған жол» атты танымдық іс-шара өтті.

     

Тағылымы терең кешке аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зинелгабдин Дербиспаев, мекеме басшылары және арнайы қонақ ретінде шақырылған теміржолшы еңбек ерлерінің ұрпақтары  мен ауыл тұрғындары қатысты.

Кеш барысында аудан аумағында теміржолдың салыну тарихы, оның ел өміріне әкелген өзгерістері және осы салада адал еңбек еткен азаматтардың өнегелі жолы кеңінен сөз болды. Сөз сөйлегендер теміржолдың тек қатынас құралы ғана емес, тұтас бір ұрпақтың маңдай тері мен тағдыры тоғысқан өмір мектебі екенін атап өтті.

— Бүгінгі іс-шара өңіріміздің тарихымен тікелей байланысты. Естеріңізде болар, бір кездері Қарғалы ауданы кен өндірісіне байланысты «Рудник» деп аталған. Бұл атау кен қазу, руданы өңдеу жұмыстары арқылы қалыптасқан өңіріміздің өндірістік тарихын айғақтайды. Сол кезеңде бұл аумақта бір ғана шойын жол болған. Алайда оны нақты кімдер салғаны жөнінде тарихта толық мәлімет сақталмаған. Бүгінде сол теміржолдың салынуына үлес қосқан елімізден шыққан азаматтардың ұрпақтары мен музей қызметкерлері архивтік құжаттарды жинақтап, тың зерттеулер жүргізіп отыр. Соның нәтижесінде музейдің басқарма залында тарихтан сыр шертетін арнайы көрме экспозиция жасақталып, көпшілікке ұсынылғалы отыр. Бұл — өткенге құрметтің, тарихқа деген жанашырлықтың жемісі, — дейді ардагер Зинелгабдин Дербиспаев.

                                               

Осылайша, аудандық музейдің кең басқарма залында экспозицияның  салтанатты ашылуы өтті. Рәсімнің қызыл лентасын теміржолдың салынуына үлес қосқан өңірімізден шыққан еңбек ері Жасан Елшібаевтың ұрпағы Зейнолла Елшібаев пен аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зинелгабдин Дербиспаев кесті.

Салтанатты шараны музейдің кіші ғылыми қызметкері Қымбат Тасымова жүргізіп, оның тарихына шолу жасап өтті.

Дерек көздеріне сүйенсек, Ұлы Отан соғысы жылдары ел тағдыры таразыға түскен сын сағатта тылдағы әрбір еңбек майдандағы жеңіске тікелей ықпал еткен. Сол кезеңдегі стратегиялық маңызы зор нысандардың бірі — Кимперсай никель кен орны болады. Қару-жарақ өндірісіне аса қажет никель шикізатын Орск қаласындағы зауытқа жеткізу үшін Орск — Қандыағаш бағытында жаңа теміржол салу жөнінде шұғыл шешім қабылданады. Соғыс жағдайында қолға алынған бұл құрылыс адам төзгісіз қиындықтармен жүргізілген екен. Ақтөбе мен Қызылорда облыстарынан еңбек армиясына алынған азаматтар теміржол бойына жеткізіліп, баспанасыз, азық-түлік пен жылы киімсіз күйде ауыр жұмысқа жұмылдырылған. Қыстың суығы мен аштығына  қарамастан, олар жерді 1,5–2 метр қазып, жертөле жасап, сонда тұрып еңбек еткен. Аштық пен суықтан қаза тапқандар да аз болмаған. Теміржол құрылысы барысында бірнеше разъезд салынған. Солардың бірі — Орск қаласынан 78 шақырым қашықтықта орналасқан «78 км» разъезі. Бұл маңда еңбек армиясына алынған жұмысшылар орналастырылып, теміржол мен кен тасымалының үздіксіз жүруін қамтамасыз еткен екен. Осы ауыр жылдары теміржол құрылысында ел үшін аянбай тер төккен алғашқы еңбек ерлерінің қатарында жерлестеріміз Жасан Елшібаев, Суханберді Тайпетов, Құсаин Жақсыбаев, Жұмабай Ділімбетов, Әбдіразақ Елшібаев, Қоқымбай (тегі белгісіз) секілді азаматтар болған. Олар «Фронт үшін, Жеңіс үшін!» деген ұранды өмірлік мұратқа айналдырған. Орск — Қандыағаш теміржолы соғыс жылдарында майдан мен тыл арасын жалғаған маңызды стратегиялық бағытқа айналып, бұл жол — мыңдаған адамның маңдай тері мен қайсар рухын айғақтаған.

Сонымен қатар, музей директоры Айнагүл Сүйінғарина да өзінің лебізін білдіріп, іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтіп, «Жасан Елшібаетың естелігінен» автор Қарлығаш Елеуованың жыр шумақтарын көпшілікке тарту етті.

«Теміржол – уақыт пен тағдырды жалғаған жол» деп аталған бұл көрме экспозицияда ауданымыздағы теміржол тарихының негізгі кезеңдері, құрылыс жұмыстары, салада қызмет еткен еңбек ардагерлері мен олардың ел дамуына қосқан үлесі туралы құнды деректер жинақталған.

Теміржол құрылысына елеулі үлес қосқан азаматтардың бірі – Жасан Елшібаевтың ұлы Зайнолла Елшібаев өз естелігімен бөлісті. Ол бұл өңірдің тарихы өзінің әкесімен, сондай-ақ мыңдаған тағдырлармен тікелей байланысты екенін атап өтті.

— Бұл – менің туып-өскен жерім. 1941 жылы бұл аймақ иен жатқан дала болатын. Соғыс басталған кезде мұнда неміс тұтқындары әкелініп, руда қаздырып, нәтижесінде ауыл пайда болды. Қазылған руданы Орск қаласына жеткізу үшін теміржол салу қажеттігі туындады. Сол жылы «Еңбек армиясы» құрамына алынған бірнеше қазақ азаматтары осы өңірге теміржол салу жұмыстарына жіберілді. Бұл – соғыстың ең ауыр кезеңі еді. Орта жастан асқан адамдар қара жұмысқа жегілді. Тамақ та, киім де, қажетті құрал-сайман да жеткіліксіз болды. Күздің қара суығы ерте түсіп, алда қытымыр қыс күтіп тұрды. Баспананың жоқтығынан адамдар жер қазып, соны паналады, – дейді ол.

Зейнолла Елшібаевтың айтуынша, әкесі Жасан Елшібаев Қызылорда облысы, Сыр өңірінде дүниеге келген. 1941 жылы жасы 40-тан асқан ол Орск – Қандыағаш теміржолын салу жұмыстарына қатысқан. Құрылыс барысында әр төрт-бес шақырым сайын жұмысшылар уақытша жер астына орналастырылып отырған. Ауыр еңбек, суық пен аштыққа шыдамағандардың арасында қаза тапқандар да болған.

— Осындай адам төзгісіз қиындықтарға қарамастан, Орск – Қандыағаш теміржолы салынып шықты. Бұл – ерлікке пара-пар еңбек. Теміржолдың салынуы өңірдің дамуына жол ашты. Сондықтан да осы құрылыста маңдай терін төккен азаматтардың есімі ұмыт қалмай, келешек ұрпаққа үлгі ретінде жеткізілуі тиіс. Бұл – тарих, оны білу – ұрпақ парызы, – деп түйіндеді ол.

Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев та лебізін білдіріп, тағылымды басқосудың маңыздылығына тоқталды. Ол аудан тарихын зерттеп, оны көпшілікке таныту жолында еңбек етіп жүрген жанашыр азаматтардың еңбегіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ауданымыздың қойнауы тарихи деректерге бай екенін атап өтіп, өткеннен сыр шертетін осындай құнды дүниелердің музей қорынан орын алуы өңір үшін үлкен маңызға ие екенін жеткізді.

Экспозиция барысында көпшіліктің назарын аударған ерекше жәдігердің бірі — ағаштан жасалған келі мен келсап болды. Аталған тұрмыстық бұйым 1948 жылдан бері сақталып, ұзақ жылдар бойы қолданылған. Кейін бұл жәдігер ұрпақтан ұрпаққа аманат ретінде беріліп, бертін келе аудандық музейге тарихи экспонат ретінде тапсырылған.

— Мен келін болып түскенде, енем бұл келі мен келсапты Жасан ағайдың өз қолымен жасағанын айтып отыратын. Ол уақытта бұл тұрмыста аса қажетті дүние еді. Келімен тары түйіп, тұтас бір ауылды азық-түлікпен қамтамасыз еттік десек, артық айтқандық емес. Бұл бұйымды 60 жылдан астам уақыт пайдаландық. Жасымыз келіп, тұрмыста қолданбайтын болған соң, балалары Зейнолла мен Күлсінге әкелерінің мұрасы ретінде табыстадық. Бүгінде осы жәдігердің музейден лайықты орын алуы біз үшін үлкен қуаныш, — дейді зейнеткерлер Амангелді мен Назтай Раевтар.

Шара соңында теміржолшылардың ұрпақтары ауыл тұрғындарына арнайы дастархан жайып, Құран оқытып, ас берді.

Осылайша, аудандық музейде өткен «Теміржол – уақыт пен тағдырды жалғаған жол» атты өткен экспозиция тарихты жаңғыртып, ел жадында сақталған еңбек ерлерінің есімін ұрпақ санасына сіңіруге бағытталды. Теміржол тарихы арқылы ауданның қалыптасу жолы, ел үшін еткен ерен еңбек пен төзімнің үлгісі тағы бір мәрте айқын көрінді. Мұндай тағылымды шаралар өткенге тағзым жасап қана қоймай, келешек ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға, туған өлкенің шежіресін қастерлеуге қызмет ететіні сөзсіз.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА