СМАРТФОННАН – САПАЛЫ КОНТЕНТКЕ

Қазіргі ақпараттық кеңістікте бір сәтті дәл жеткізетін сапалы фото мен әсерлі бейнероликтің маңызы артып келеді. Сол себепті де бүгінгі заманда сапалы фото мен бейнеролик түсіру тек кәсіби камера иелеріне ғана тән емес.

Осыны мақсат еткен аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары коворкинг алаңында жастарға арналған «Мобилография негіздері» атты танымдық тренинг өткізді.

     

Шараға түрлі салада жүрген, шығармашылыққа бейім белсенді жастар қатысып, күнделікті қолданып жүрген смартфон арқылы сапалы контент жасаудың тиімді тәсілдерімен танысты. Тренинг барысында қатысушылар фото мен видеоны дұрыс түсірудің негізгі қағидаларын меңгеріп қана қоймай, тәжірибе жүзінде өз мүмкіндіктерін шыңдады.

Іс-шараның ашылуында жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбан сөз сөйлеп, мобилографияның қазіргі жастар үшін маңызды әрі сұранысқа ие бағытқа айналғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған осындай пайдалы бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Тренингті тәжірибелі мамандар — Әділжан Бақбергенов пен Дастан Кульманов жүргізді. Спикерлер кадр құрудың қыр-сыры, жарық пен көлеңкені ұтымды пайдалану, дұрыс ракурс таңдау, сондай-ақ мобильді қосымшалар арқылы өңдеу әдістерін практикалық форматта түсіндірді. Қатысушылар өз смартфондары арқылы бірден түсірілім жасап, жұмыстарын талдап, кәсіби кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Шараға қатысқан жергілікті блогер Гүлзат Шаркабаева (@gulzat.blog) тренингтен алған әсерімен бөлісті:

— Мобилография – қазіргі контент жасаушы жастар үшін аса қажет бағыт. Бұл тренингтен көптеген пайдалы ақпарат алдым. Әсіресе жарық қою мен кадрды дұрыс құрастыру бойынша кеңестер мен үшін өте құнды болды. Осындай мазмұнды іс-шара ұйымдастырған жастар орталығына алғыс айтамын, — деді ол.

Тренинг соңында қатысушылар спикерлерге жеке сұрақтарын қойып, алған білімдерін болашақ жобаларында қолдануға ниетті екендерін жеткізді.

Жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруды көздеген бұл тренинг қатысушыларға жаңа идеялар мен тың көзқарас сыйлады. Теория мен тәжірибе қатар өрілген іс-шара жастардың цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтіп, сапалы контент жасауға деген ынтасын арттырды. Осындай мазмұнды кездесулер жастардың заман талабына сай дамуына жол ашып, олардың кәсіби және шығармашылық тұрғыда өсуіне берік негіз болары сөзсіз.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерТренинг