АУЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қарашаның үшінші жексенбісі елімізде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні ретінде дәстүрлі түрде аталып өтеді. Осыған орай өткен аптада аудандық мәдениет үйінде «Еңбек адамы – аудан мерейі» атты салтанатты шара ұйымдастырылып, жер жыртып, мал бағып, ел ырысын еселеп жүрген еңбек майталмандарының еңбегі лайықты бағаланды.

Мерекелік жиынға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, мекеме басшылары, сала ардагерлері, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының өкілдері және аудан тұрғындары қатысты. Кеш шымылдығын «Ұшқын» халықтық жастар театрының әсерлі қойылымы түріп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жиын барысында аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласының мамандарын құттықтап, олардың өңір экономикасын дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.

— Ауыл шаруашылығы – Қарғалы ауданы экономикасының негізгі тірегі. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде шаруашылықтар күшейіп, техника жаңаруда. 2025 жылғы егін жинау қорытындысына сәйкес, дәнді дақылдардың орташа өнімділігі 15 центнерге жетіп, облыстағы жоғары көрсеткіштердің бірі ретінде тіркелді. Бұл — диқаншылар мен мал өсірушілердің табанды еңбегінің нәтижесі, — деді аудан әкімі Н.Унербаев.

Салтанатты кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, ән мен биден шашу шашылды.

САЛА ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

 Мерекеге орай ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.

Алдымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың «Еңбек ардагері» төсбелгісі “Степное” ЖШС механизаторы Бисенғали Есентаевқа табысталды. Ал «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі “ДиЛэнд” ЖШС механизаторы Виктор Тышкоға берілді.

Сонымен қатар вице-министр Ермек Кенжеханұлының Алғыс хатымен “Сәт” шаруа қожалығының басқарушы директоры Айдарбай Бикеев, “Спутник” өндірістік кооперативінің басшысы Руслан Бижанов, “Әлімбет агро” ЖШС басқарушы директоры Әліби Әділғазы марапатталды.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хатына Амандық Байшуақ (“Интер Агро” ЖШС агрономы), Николай Сагуйченко (“ДиЛэнд” ЖШС механизаторы), зейнеткер Нина Черняк (бұрынғы “Чапаев” колхозының сауыншысы), Василий Кобыляцкий (“Қуаныш” шаруа қожалығының механизаторы), Малик Жайгужин (“Сәт” шаруа қожалығының жұмысшысы) ие болды.

 

Аудан әкімінің Алғыс хаты Ащылысай ауылының зейнеткер шопаны Шолпан Садыковаға, жеке кәсіпкер “Ақжайық” дүкенінің иесі Шайзада Мамбетоваға, зейнеткер сауыншы Нисвельди Кашкинбаеваға, Әлімбет ауылында 40 жыл мал дәрігері болған Анна Адиетоваға, “Степной” ЖШС механизаторы Сергей Кузьминге, “Куаныш” шаруа қожалығының механизаторы Андрей Скачковқа, жеке кәсіпкер “Назира” дүкенінің иесі Ербол Байболатовқа, “ДиЛэнд” ЖШС механизаторы Василий Шокотькоға, “Ақ бидай” шаруа қожалығының агрономы Виталий Сеничке, “Алтын Астық” ЖШС Элеватор директоры Несболла Суимбаевқа, “Аққу” дүкенінің иесі Гуля Баймагамбетоваға, “Бородиновка” шаруа қожалығының малшысы Виктор Сусловқа, “Арман” шаруа қожалығының бригадирі Алексей Лиловқа, 57 жыл жүргізуші болып еңбек еткен зейнеткер, Жосалы ауылының тұрғыны Аманулла Турмухамбетовқа, сондай-ақ сол ауылдың шопаны Сергей Шмальцқа табысталды.

 ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМДЕР — ТҰРҒЫНДАР НАЗАРЫНДА

 Ауданымызда өткен мерекелік шара аясында жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен сапалы өнімдер ұсынылды. Таңертеңнен-ақ жәрмеңке алаңына жиналған жұртшылық жергілікті өнімдерге ерекше қызығушылық танытты.

                 

                        

Ауылдық округтерден жеткізілген тауарлар кең таңдауымен көз тартты. Желтау ауылы табиғи бал мен жаңа жиналған көкөністерін ұсынса, Степной және Әлімбет ауылдарынан әкелінген ет, жартылай фабрикаттар мен шұжық өнімдері сауда сөрелерін толықтырды. Сонымен қатар, сүт және балық өнімдері де қонақтардың жоғары сұранысына ие болды.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тимур Абдуллин жәрмеңкенің маңыздылығына тоқталып өтті.

— Жәрмеңкеге барлық ауылдық округтерден келген кәсіпкерлер белсенді қатысып, тұрғындарға өз өнімдерін ұсынды. Сауда сөрелерінде 1,5 тонна қырыққабат, 3,5 тонна картоп, 1 тонна көкөніс, 1 тонна ет, 300 кг балық, бал, 1 тонна жеміс-жидек, сондай-ақ сүт өнімдері – ірімшік, май, қаймақ және басқа да табиғи тағамдар ұсынылды. Ең бастысы – тұрғындар сапалы, жергілікті өнімдерді тиімді бағамен сатып ала алды. Шараға қолдау білдірген барлық өндірушілерге алғыс айтамын, — деді ол.

Жәрмеңкемен қатар аудандық мәдениет үйінің фойесінде өткен көрме де көпшіліктің назарын аударды. Онда Мансап орталығы шағын және орта бизнес өкілдерінің өнімдерін таныстырды. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер Гульнара Елеусизованың жылыжайда өсірілген қызанақтары, Нұрлан Рахматуллиннің кір сабыны, Баянсұлу Әлмуханованың сүт өнімдері, Ляззат Бахтиярованың фрипсилері көрмеден орын алды. Сонымен бірге музей ұжымы тарихи деректер мен құнды материалдарын ұсынып, колледж студенттері инновациялық жобаларын таныстырып, жаңа бастамаларға серпін берді.

Мерекелік шара ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегіне деген шынайы құрметтің айқын көрінісіне айналды. Жер-ананы түлетіп, туған өлкенің әлеуетін арттырып жүрген азаматтардың табысы – ел дамуына деген сенімнің нық белгісі. Алдағы уақытта да осындай игі бастамалар ауыл экономикасын нығайтып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына оң әсер ететіні анық.

ОБЛЫС ТӨРІНДЕ ҚҰРМЕТ КӨРГЕН ЕҢБЕККЕРЛЕР

 Ағымдағы жылдың 21 қарашасында облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен «Өнер орталығы» ғимаратында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Мереке аясында облыс әкімі сала қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтап, өңірдің аграрлық секторын дамытуға қосқан үлестерін жоғары бағалады.

Облыс басшысы аграрлық саланың ел экономикасы үшін стратегиялық мән-маңызын атап өтіп, ауыл еңбеккерлерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды, туған өлке игілігі үшін еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғысын жеткізді.

Мерекелік марапатқа ие болғандардың қатарында біздің ауданымыздың да шаруалары бар. Атап айтар болсақ, «Ерен еңбегi үшiн» медалiмен «Рассвет» ШҚ механизаторы Сергей Горобец,  ҚР Премьер-министрінің алғыс хатымен Интер Агро» ЖШС директоры Қазбек Утесинов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен «Жасұлан» ШҚ басшысы Ізгілік Сандыбеков, Облыс әкімінің алғыс хатымен Енсеп» ШҚ комбайн жүргізушісі Павел Ковтун марапатталды.

Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз өнімдерін ұсынған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылып, оған біздің өңір кәсіпкерлері де атсалысты.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерМереке