АУЫЛ БОЛАШАҒЫ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕ

Аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев ауылдық округтерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесуін бастады.
Есептік кездесулердің мақсаты – өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесін саралап, ауылдардың бүгінгі жағдайын талқылау және халық ұсыныстарын тыңдап, алдағы міндеттерді нақтылау. Биылғы кездесулер де ашық әңгіме мен тиімді диалог алаңына айналды.
Осыған орай өткен аптада аудан басшысы Ащылысай ауылдық округінде болып, ауыл халқымен жүздесті. Басқосуда жергілікті тұрғындар өзекті мәселелерін ортаға салып, өздерін толғандырған ауыз су жүйесін жаңғырту, жолдарды реттеу, ауылды абаттандыру және жастарды жұмыспен қамту секілді сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Нәтижесінде әр ұсыныс назарға алынып, жауапты бөлімдерге тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ, ауылдық округке қарасты Бозтөбе ауылында өткен жиында округ әкімі Асылбек Биманбаев жылдық жұмыс қорытындысын ұсынып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасады. Ол ауылды көгалдандыру, жолдарды жақсарту, халық тұрмысын арттыру бағытында атқарылған шараларды атап өтті. Аудан басшысы тұрғындарды жеке қабылдап, олардың ұсыныстарын мұқият тыңдап, ауылды дамытуға қоғам белсенділігінің ерекше маңызы бар екенін жеткізді.
Одан соң ашық форматтағы кездесу Әлімбет ауылдық округінде жалғасып, онда округ әкімі Мейрамбек Мысаев өз есебінде өткен жылы жүзеге асқан жобаларға тоқталып, ауыл шаруашылығын дамыту, жолдарды жөндеу, аумақты көріктендіру және әлеуметтік нысандарды жаңарту бағытындағы жұмыстар жайында баяндады.
Аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап беріп, ауыл инфрақұрылымын жетілдіру кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті.
Сонымен қатар, кездесу барысында көшелерді жарықтандыру, коммуналдық қызмет сапасын арттыру және жолдарды қалыпқа келтіру мәселелері көтеріліп, оларды шешу бойынша тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Айта кетейік, аудан әкімінің ауыл-ауылды аралап, тұрғындармен тікелей пікір алмасуы — жергілікті өңірдегі проблемаларды дер кезінде анықтап, олардың шешу жолдарын бірлесе қарастыруға мүмкіндік береді.
Қарғалы-АҚПАРАТ










