Апат айтып келмейді
28 қазанда түнгі сағат 2.33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған. Олардың басым бөлігі сыртқа шығып үлгерген, алайда 40-тан астам адам іште қалып қойған. 29 қазан кешкі сағат 20.00-дегі жағдай бойынша 45 кеншінің денесі табылған, бір кенші әлі іздестіріліп жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына арнайы барып, «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтты.
— Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты тиісті шара қабылданатынын жеткізді.
— Мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, жер астында қалған кеншілерді құтқару, зардап шеккен және қаза болған азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету – кезек күттірмейтін міндет.
– Ең алдымен құтқару жұмыстары жүргізіледі. Екіншіден, зардап шеккендер мен медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтауымыз керек. Үшіншіден, осы апаттан зардап шеккендердің барлығының отбасына материалдық көмек көрсетеміз. Егер қажет болса, арнайы қор ашамыз. Мұнымен өзім айналысамын, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазіргі уақытта кеншілердің зейнетке шығу жасына қатысты мәселе қарастырылып жатқанын айтты.
Мемлекет басшысы Теміртау қаласында Костенко атындағы шахтада болған апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді.
Отырыста құтқару жұмыстарының барысы туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, зардап шеккен азаматтарға көрсетіліп жатқан медициналық көмек жайлы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндап берді.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қандай әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты.
– Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы тағайындалады. Ол республикалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді. Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Әзірге барлық төлемді өтеу «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс, – деді Светлана Жақыпова.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынға тиесілі меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру жөніндегі мәмілені ресімдеу процесі аяқталуға жақын екенін баяндады.
Президент қаза тапқан және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.
– Сіздердің міндеттеріңіз – адамдармен тікелей жұмыс істеу, кездесу, сондай-ақ жедел топты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Біз қазір қалыптасқан жағдайды түсіндіру, ең бастысы, шешім қабылдау үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Жергілікті әкімдік тиісті шешім қабылдауы қажет. Кәсіпорынның сұраныстарына сүйене отырып, қажетті нәрсенің бәрін анықтаңыздар. Үкіметтік комиссия барлық мәселені пысықтауға тиіс. Мен не істеу керек екенін айттым. Әркім өзіне қатысты жұмысты біледі. Министрлер, басшылар өздерінің жұмыс тәсілдерін білуі керек. Президент әр оқиға сайын келіп, тапсырма береді деп күтіп отыруға болмайды. Вадим Басинге кәсіпорынды басқаруды өз қолына алуды тапсырамын. Үкімет пен әкімдікке жан-жақты тиісті көмек көрсетуді, Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі құрылымдармен бірлесіп, апат салдарын жою және кеншілерді құтқару үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырамын. Ішкі істер министрлігі зардап шеккен адамдардың отбасыларымен жұмыс істеуі керек. Үкіметтік комиссияға азаматтардың қаза болуына әкеп соқтырған өрттің мән-жайын тергеуді, барлық кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, шахтадан 45 кеншінің денесі табылған, тағы бір кенші іздестіріліп жатыр.
Бұл оқиғаға байланысты қазіргі таңда Қылмыстық Кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды, оның құрамына құқық қорғау органдарының неғұрлым тәжірибелі қызметкерлері мен ТЖМ мамандары енгізілді. Жергілікті жерде тергеу жұмысын Бас Прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев пен ІІМ Министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев үйлестіреді.
«Профессор Хафиз Мақажанов атындағы ауруханаларға 18 адам жеткізілген. Бір адам реанимацияда жатыр. «Барлық қажетті мамандарды тарта отырып, консилиум өткізілді. 15 адам Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы Хафиз Мақажанов клиникасына көміртегі тотығымен улану белгісімен түсті. Біреуі ауыр дәрежеде көміртегі тотығымен улану, қалғандары жеңіл және орташа дәрежеде улану диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Екеуі Михайловкадағы Хафиз Мақажанов клиникасына түсті: біреуі реанимацияда ауыр жағдайда, екіншісі операциядан кейін травматология бөлімінде жатыр. Сонымен, стационарға 17 адам жатқызылды, бір адам амбулаториялық емделуге жіберілді», — деп хабарлады Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысы әкімдігінің, еңбек инспекциясының, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдері және т.б. кірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қазанды — Жалпыұлттық аза тұту күні етіп жариялады. Бұл күні еліміздегі барлық Ту төмен түсірілді.
Осы қайғылы оқиғаға байланысты Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Франция Президенттері мен Түркия Сыртқы істер министрлігі, Армения премьері көңіл айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы қайғылы оқиғаға орай көңіл айтқан барлық шет мемлекеттер басшылары мен қазақстандықтарға ризашылығын білдірді.
Шахтада болған апатқа байланысты қарағандылықтарға Ақтөбе облысының жұртшылығы да көңіл айтып жатыр. Ұлттық аза тұту күні өңірдегі барлық ту төмен түсірілді. Облыстағы имамдар барлық мешітте шахтада қаза болған жандарға Құран бағыштап, апат салдарынан ауыр халде жатқан азаматтардың амандығын тілеуде. Облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы қасиетті Құран аяттарынан болған сауапты марқұмдардың рухына бағыштап, жарылыстан зардап шеккен қарағандылықтарға сабыр мен шыдам, жеңілдік сұрап бата қайырды.
Интернет желісі бойынша алынды.