19 ҚАЗАН — ҚҰТҚАРУШЫЛАР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді. Міне, осындай мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін жасау үшін 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді. Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді.

Бүгінде құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын  үнемі жетілдіріп отырады.  Құтқарушылардың жұмысы өз өміріне қауіпті болып келеді. Дегенмен олардың алға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.

Қандай қайғылы, қасіретті оқиға болмасын, бар күш-жігерін салып құтқару жұмыстарын жүргізіп жүрген Құтқарушылардың еңбектері орасан зор. Сіздердің ауыр еңбектеріңіз әрқашан адамдардың алғыстарымен бағаланып, тәуелсіз Қазақстанымыздың гүлденуіне үлесін қоса береді деп сенеміз.

Құрметті біздің құтқарушылар!

         Сіздерге мықты денсаулық тілей отырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметтеріңізге  сәттілік, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Қарғалы ауданының өртке қарсы қызмет ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіре келе,  ұзақ ғұмыр мен толағай табысты болуларыңызға тілектестік білдіремін.

 

Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы

 азаматтық қорғау майоры

А.Каркулов