Жобаның  алғаш жемісі

         «Ауыл аманаты» жобасы облыста қолға алғалы  жылға жуықтап қалды. «Балапанды күзде санайды»,-демекші қазіргі таңда қаздар қанат қағып, тауықтар жетіліп, бау-бақша да өз өнімін берді. «Ауыл аманатына» қатысқандар алғаш нәтижесін де көріп үлгерді.

         Сөзіміздің басын ауылдықтарға шапағаты тиген жобаға, жыл басында облысқа бөлінген қаржы мен атқарылған жұмыстан  бастасақ…

Соңғы мәліметке сүйенсек, облыста былтыр бастау алған «Ауыл аманаты»  жобасына Үкіметтен 2022 жылдың қаңтар айында 3 миллиард, биылғы ақпан айында 3,5 млрд,  қыркүйек айында 12,5 млрд бөлінген. Бүгінгі күнге дейін 7,2 млрд. теңгеге 1698 жоба мақұлданып, 6,1 млрд  теңгелік несиеге «Ауыл аманатына» үміткерлерге 1,382 жобаға несие берілген. Сонымен қатар, облыстағы ірі кәсіпкерлердің демеушілігімен  облыс бойынша 335 отбасы 4716 бас малдай көмек алған. Жұмыс қарқыны да жаман емес. Осы уақыт ішінде 173 мыңнан аса құс, 209,8 гектар жерге көкөніс егілсе, шағын бизнесті дамыту мақсатында 584 жоба жүзеге асуда.

Осындай игі істің басында облыс бойынша жақсы нәтижемен көрінгендер арасында біздің ауданның ерекше аталуы бірліктің арқасы. Атап айтар болсақ, Алға, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Ойыл, Хромтау аудандары арасында екінші деп аталуы аудандағы шаруаларды жігерлендіре түскендей. Көппен бірге жобаға қатысқан біздің ауданға бөлінген 733,1 млн. теңгеге 194 жоба тапсырылып,  оның 187-сі мақұлданып, 693,7 млн.  теңгені құраса, іске асырылғаны 175 жоба. Оның жалпы сомасы 652,8 млн. теңгені пайдаға асырған ауыл адамдарының алғаш өніміне шолу жасасақ.

Басында аудандағы, округтегі шаруалардың біразы қатысып, қазіргі уақытта жемісін де, жеңісін де көре бастағандары жетерлік. Біз де «Жобаның   алғаш жемісі» деп ат қойып, күздің сыйындай  алғаш өнім алған еңбек адамдарымен хабарласқан болатынбыз.

Солардың бірі Шәмші ауылының тұрғыны  Марина Дуйсенгалиеваның тұрмыс-тіршілігінен бастасақ…

Бұйрғаны ауылда да бар…

         -Біз негізі ауылда туып өссек те отбасын құрғаннан кейін қалада тұрдық. Алайда, ауыл өзіне тартқасын туып өскен туған жерге оралып, шаруаға кірістік,-деген әңгімесінен бастады кейіпкеріміз.

Марина Дүйсенгалива 1978 жылы кезінде В.И.Пацаев атындағы кеңшар болып тұрған ауылда дүниеге келген.  Қазіргі Шәмші ауылында шаруаларын дөңгелетіп отыр. Ата-анасы Бахитжан мен Ольга ұзақ жылдар бойы бір шаңырақтың түтінін түтеткен жандар. Әрісі 1950 жылы отау құрғаннан кейін  кезіндегі (Гурьев) қазіргі Атырау облысы Құлсары кентінен осы өңірге қоныс аударып қарапайым еңбектерімен елге танылған сыйлы қариялар. Қазір 92-ден асқан анасы қолында.

Қаладан ауылға көшкеннің несібесін көре бастаған отбасының бірі осы жандар. Алғаш келген жылдары дәлірек айтқанда, бұдан екі жыл бұрын сүт өнімдерін өңдеп сатумен айналыса бастаған. Жалпы сүттен  не өндіріледі бәрін керегіне жаратқан. Ол да болса ауылда өскеннің пайдасы. Оған қоса бау-бақшамен де айналысады. «Ауыл аманаты» жобасы басталған тұста жолдасы Амиржан екеуі тәуекел етіп жобаға қатысқан. Енді міне нәтижесінде көре көріп отыр. Алған несиелерін үш  бағытта жүзеге асырып, кәсіп бастап кеткен. Олар бау-бақша, құс, сүт шаруашылықтары. Бизнес жоспар бойынша мұздатқыш, сеператор басқа да  шаруашылыққа қажетті керек-жарақтарын алған. Биылғы көктемде отырғызылған картоп, пияз, бұрыш, қияр мен қызанақтар да өнім беріп, жемісін көруде. Басында сатып алған түрлі 500 бас құстары, оның ішінде  тауық, күрке тауықтар балапан беріп, қаздар қанат қағып, үйректерде күздікке жарап қалған.

-Осыншама шаруа бір адамның күшімен бітетін іс емес. Жолдасым Амиржанның тындырымды ісімен жүзеге асып жатыр десем асыра айтқаным емес. Оған қоса екі ағам да жәрдем береді. Өнімдерін ауылдастарға және де Ақтөбенің базарларына шығарып саудалаймыз. Жолдасым екеумізге көмекші 3 баламыз. Олар  бізге үлкен қолғабыс. Олардан көрген 2 немере шаршағанда ермегіміз. Жастайымыздан еңбекке баулыған ата-анамыздың тәрбиесі бізді қаладан ауылға оралтып, еңбек майданында шыңдалуға септігін тигізуде. Бүгінде біз де бұйырғанын ауылдан тауып, аталмыш жобаның игілігін көріп отырғанымызға дән ризамыз,-дейді Майра.

Бақыт ИМАШЕВ.