1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай аудан әкімінің құттықтауы
Құрметті қазыналы қариялар!
Ардақты ардагерлер!
Сіздерді «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
«Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол»—деп, өсиет еткен қазақ қашанда қарттарын қадірлеп өскен ұлт. Бүгінде әр шаңырақта ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп, шүпірлеген немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі бір ғанибет. Жастары егде тартқан шақта қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, жетілдірген ұл-қыздары қас-қабағына қарап отырса еңбектерінің ақталғаны емес пе!? Қарияларымыздың «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деуінің мәні де осында.
Расында, ардагерлер – еліміздің алтын қоры. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Сондықтан xалқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән берген.
«Ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген ұлы сөз бекер айтылмаса керек. Сіздер сабырлылық, қарапайымдылық қасиеттеріңізбен мейірімділік пен еңбексүйгіштікке, Отанға, отбасына деген адалдыққа және абыройлы болуға тәрбиелеп келесіздер.
Құрметті Абзал ардагер ағалар, Қадірлі Асыл аналар!
Сіздердің әрбіріңіздің жүріп өткен жолдарыңыз, еткен еңбектеріңіз – ұрпақ үшін үлгі-өнеге.
Ақылы – дария, білімі – теңіз, өмірлік тәжірибесі мол сіздерден тәлім-тәрбие алған іні-қарындастарыңыз өздеріңіз бастаған игілікті істерді жалғастыруда.
Халық арасында аузы дуалы, әңгімесі бәтуалы өздеріңіздей ақсақалдардың барында ел ішінде алауыздықтың орын алмайтыны, жастарымыз жөнсіз кетпейтіні белгілі.
Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін! Қазыналы қарттарымыздың қатары ортаймасын!
Құрметпен, аудан әкімі Н.Өнербаев