Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

тобының бастығы, полиция майоры
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басқарған алты жыл ішінде қандай елеулі жетістіктерге жеткенін «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» атты мақаласында айтып берді. Бүгінде еліміз көптеген сын-қатерге қарамастан, экономикалық дамуда елеулі нәтижелерге жетті. Ел Президенті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу туралы үнемі айтып келеді. Қазір азаматтардың, әсіресе әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге басымдық беріліп жатыр. Осы саясат шеңберінде отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған, ұрып-соғуды және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді қылмыстық жазаға жатқызуды көздейтін заң қабылданды. Ол бұрын тек әкімшілік нормалармен реттеліп келген болатын. Қазір тұрмыста зорлық-зомбылық көретін жандардың нақты санын айту мүмкін емес. Өйткені олар арнайы органдарға барып тіркелмейді. Кей әйелдер, дәл сол мезетте ашуланғанымен, одан кейін кешіріммен қарап, ары қарай өмір сүре береді.
Биыл жасөспірімдер арасындағы қылмыс көбейіп тұр. Жасөспірімдер арасында тіркелген құқықбұзушылықтардың тең жартысы — жеке басқа қол сұғушылық деректері. Мәселен, жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен, 4 тонау, 5 бұзақылық, мүлікке зиян келтіру, ұрлық деректері тіркелген. Талдау барысында жасөспірімдердің материалдық қажеттілікке байланысты қылмыс жасағаны анықталды. Қылмыстардың дені күндізгі және түнгі уақыттарда сағат 10.00-00.00 аралығында білім беру орындарынан тыс жерлерде жасалған. Құқықбұзушылықтың басым көпшілігі таныстарының, жақындарының және өгей әкелердің қатысуымен тіркелді. Бұрын тұрмыстық қылмыстардың дені жұмыссыздар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар арасында көптеп кездесетін еді. Ал қазіргі уақытта материалдық жағдайы жақсы, үлгілі отбасылар арасында да зорлық-зомбылық деректері жиі тіркелетін болды.
Ювеналды полиция тобының мамандары «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында облыс аумағында жастарға түсіндірме жұмыстары мен рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу мақсатында іске асырылып жатқан кешенді іс-шаралар көшеде бақылаусыз жүрген балаларды, сонымен бірге кәмелетке толмағандарға алкогольді сусын мен темекі сату фактілерін анықтауға септігін тигізеді. Мәселен, балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылатын «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шарасы нәтижесін беруде.
Өңірде балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсаты бойынша арнайы топ құрылды. Бұл топта прокуратура, полиция, әлеуметтік көмек, бала құқығы, білім бөлімінің қызметкерлері қызмет етеді. Бүгінде балаларға қатысты қоғамды дүр сілкіндірген зорлық-зомбылық фактілері жиілеп кетті. Балаларға зорлық-зомбылық көрсетуді еш құптауға болмайды. Зорлық-зомбылықпен қоғам болып күресіп, тәрбие мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән беруіміз керек.