ЖҰМЫС ТОБЫ: АУДАНЫМЫЗДАҒЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Өткен аптада агроөнеркәсіп кешені саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатындағы облыстық жұмыс тобы ауданымызға іссапармен келіп, ауыл шаруашылығы құрылымдарымен кездесті.
Аудан әкімі Нұрлыбек Унербаевтың төрағалығымен өткен кездесуге Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиев, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Кеңес Канадбаев, Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Асылхан Абтиев, облыстық кәсіпкерлік басқарма басшысының орынбасары Думан Даулетияров, облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының м.а.Адильбек Кабидуллин, облыстық ветеринария басқармасының ветеринариялық есеп және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бөлімінің басшысы Шахидолла Рахимов, Ақтөбе облысының жер ресурстарын бақылау департаментінің бөлім басшысы Жеңіс Қаршыға, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Эльмира Жубанова, «Ақтөбе» ӘКК АҚ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бөлімінің бас несие маманы Сагира Кереева және тағы да басқа бөлім басшылары қатысты.
Жұмыс тобының мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру және кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіптік секторды қолдауға бағытталған жеңілдіктерді кеңінен насихаттау.
Кездесуде ең алдымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы баяндама жасап, аталған салаға қатысты өзекті мәселелер мен оның шешу жолдарына, сондай-ақ, Агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) дамытудағы мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығына тоқталып өтті.
Кездесу барысында облыстық басқарма басшылары ауыл шаруашылығы саласындағы өзгерістер мен толықтыруларға байланысты хабарлама жасап, шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Осылайша, шаруалармен өткен келелі кездесуде несиелеу шарттарын жеңілдету, агроөнеркәсіп кешені субъектілерін несиелеу кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, қаржыландыру, мемлекеттік субсидиялар, жер ресурстарын пайдалану және кәсіпкерлікті дамыту тетіктері жан-жақты қаралып, ауыл шаруашылығының басқа да мәселелері көтеріліп, оған қоса аталмыш салаға қатысты өзекті мәселелердің шешу бағыттары мен даму перспективалары және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары талқыланды.
Кездесуден кейін облыстық басқарма басшылары мен қаржы институттарының мамандары шаруа қожалық басшылары мен жеке кәсіпкерлерді жеке сұрақтары бойынша қабылдау жүргізді. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, ұсыныстарымен бөлісті.
Айта кететін болсақ, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың бекіткен кестесіне сәйкес, облыстық жұмыс тобының іссапары барлық аудандарда өткізілуде. Сапар мақсаты ауыл шаруашылығы құрылымдары мен кәсіп иелерімен кездесіп, сала мамандарын толғандыратын өзекті мәселелердің шешу жолдарына атсалысу.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА