ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Өткен аптада аудан әкімі Нұрлыбек Унербаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 қыркүйекте жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын өңірде іске асыру жолдарына арналған кеңейтілген жиын өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, округ әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме жетекшілері мен аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

Отырысты ашқан аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев Жолдаудың мазмұнына тоқталып, Мемлекет басшысының инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік-логистика саласын жетілдіру, әлеуметтік әділеттілік орнату, адами капиталды арттыру, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін жақсарту, заманауи технологияларды енгізу, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдердің ел дамуына ықпалы жөніндегі маңызды бастамаларын атап өтті.

Сонымен қатар аудан экономикасын дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, білім беру мен медицина саласын цифрландыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, автомобиль жолдарын жөндеу, ауыл шаруашылығын, туризмді, сумен жабдықтау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстар жөнінде аудан әкімінің орынбасарлары Ержан Есімбаев, Нұрлыбек Аманқұлов және Бекзат Бадаков баяндама жасады.

Аудан әкімі өз сөзінде Президент Жолдауы мемлекеттің дамуына жаңа серпін беретін стратегиялық бағдар екенін айта келе, барлық құзырлы орган мен мекемелердің бірлесе жұмыс істеуі қажеттігін атап өтті.

Жиын соңында аудан әкімі Жолдауда көрсетілген басым бағыттарды өңірде тиімді жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар беріп, бұл бағытта аудан көлемінде кешенді жұмыстар жүргізуді жүктеді.

Айта кетейік, Президент Жолдауын іске асыру өңіріміз үшін жаңа серпін мен даму кезеңінің бастауы болмақ. Осыған орай алдағы уақытта аудан тұрғындары арасында Жолдауды кеңінен насихаттау және түсіндіру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатын болады.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерЖолдау-2025