ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ САПАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

 Өткен аптада аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысқа кеңес мүшелері мен дербес бөлім басшылары қатысты.

Жиналысқа қоғамдық кеңес төрағасы Жаңылсын Ысмағұлова төрағалық етіп, күн тәртібіндегі мәселемен таныстырып өтті.

Күн тәртібіне қойылған мәселеге орай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Өтегенов «Бадамша ауылындағы көп қабатты үйлердің аумақтарында балалар ойын алаңдарын салу жөніндегі жобаларды іске асыру туралы» тақырыбында баяндама жасады. Бөлім басшысы аталмыш баяндамасында Бадамша ауылындағы 8 ауланы абаттандыру жоспары негізінде Пацаев көшесіндегі 40, 4,13 үйлер мен Есет батыр көшесінде балалар алаңы орнатылғанын және де оның алаңы шекаралардың жалпы аумағы 0.21855 га құрайтындығын айта кетті. Сондай-ақ, көп қабатты үйлердің аумақтарында балалар ойын алаңдарын салу жөніндегі жобаларды іске асырудағы жұмыс жоспарымен бөлісті.

Одан соң ауылды көркейту, абаттандыру бойынша, көп қабатты үйлердің аумақтарында балалар ойын алаңдарын салу қажеттілігі жайында Бадамша ауылдық округінің әкімі Ернар Дабилдиннің қосымша хабарламасы тыңдалды.

Отырыста балалар ойын алаңдарының орналасуы мен олардың  жай-күйіне қатысты  мәселе қызу талқыға түсті. Комиссия мүшелері бірқатар ескертулер мен ұсыныстарын да білдірді. Атап айтқанда, жөндеу жұмыстары аяқталмаған және де сапасыз салынған  (Әйтеке би 40, Пацаева 4, Пацаева 8) балалар ойын алаңдарын Бадамша ауылдық округі әкімдігінің балансына беру үшін құжаттарын жедел түрде дайындауды тапсырды.

Кеңес мүшелері қаралған мәселелерді талқылай отырып, сауалдарын жолдады. Сонымен қатар, кеңес мүшелері Сапарбек Аманжолов абаттандыру мен аяқталмай қалған көшелердің жөндеу жұмыстары жайында, ал Сапар Искаков кәріз құбыры бойынша, т.б. көптеген маңызды мәселелерге қатысты көкейдегі сұрақтар қойылды. Сонымен қатар, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға арналған келісім шарттардың орындалу сапасына тұрақты түрде бақылау жүргізу қажеттілігі де сөз болды.

Осылайша, отырысты кеңес төрағасы қорытындылап, айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша тиісті басшылық орындарға ұсынылатынын және орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.

Камшат БАЙХАНОВА