Жоба өз жемісін беруде-
Өткен аптада ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен ауданымызға келді. Ол өңіріміздегі «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылған жұмыстармен танысып, бірқатар нысандарды аралады.
Сондай-ақ, іссапармен келушілердің қатарында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсамбай, «Ақтөбе» ӘКК » АҚ басқарма төрағасы Әуез Тайымбетов пен мемлекеттік бағдарламаларды жүргізу департаментінің директоры Ақгүл Әкімжанова, т.б. өкілдер бар.
ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі сапарының басты мақсаты — «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігін бағалау және жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бойынша олардың алдағы уақыттағы жоспарларын анықтау.
Сапар аясында жұмыс тобы ауданымыздағы «Ишхан» жеке кәсіп иесінің ет өнімдерін өңдеу цехында болып, ондағы дайындалатын ысталған, жартылай фабрикатты шұжық өнімдерінің түрлерімен танысты. Және де «Мерей» массаж орталығының ғимаратын аралап, ондағы халыққа көрсетілетін қызмет түрлерін бақылады. Одан соң «Мұстафа» кафесіне барып, тамақтану орталығының жай-күйімен танысты.
Сонымен қатар, Қосестек ауылдық округіне де арнайы барып, ондағы «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар өнімдерінің жәрмеңкесін аралап, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Сондай-ақ, аталмыш ауылдағы металл бұйымдарын өндіру цехын да аралады. Цехта металдан қақпалар, әткеншектер, есіктер, қалқа және күркелер, т.б. шығарылады.
— «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, олардың табысын молайту, ауылдарды аман сақтап қалу және көші-қонды реттеу оған қоса азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және отандық өнім үлесін көбейту. Осы мақсатта бірнеше облыстарды аралап, ондағы жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысып жатырмыз. Бұл жоба аясында ауылдағы кәсіпкерлік саласының қарқынды дамып келе жатқанын өздеріңіздің өңірден ақ көруге болады. Жеке кәсіп иелерінің бастаған жобалары ауыл халқы үшін маңызды. Сондықтан да, алдағы уақытта да бұл жобаның маңыздылығын ескеріп, жүзеге асыруды жалғастыру керек,- деді Ералы Тоғжанов.
Тағы бір айта кететін жайт, «Ауыл аманаты» жобасы қазір ел дамуына едәуір серпіліс беруде. Бұл жоба аясында жеңілдетілген 2,5%-бен несие беріледі. Біздің ауданымызда да «Ауыл аманаты» бойынша мал және құс басын көбейтумен қатар шағын бизнесті дамыту көзделіп отыр. Бүгінгі күні 60-тан аса жоба қаржылай қолдау тапты. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Осылайша, әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған игі жобаға қатысты сапар соңында Премьер-министрдің кеңесшісі өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруды жалғастырып, озық тәжірибені енгізуді тапсырды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА