Жетістігі жетерлік жас ақын
Өткен аптаның бейсенбісінде аз ғана уақытта мүшәйра жырдан жеңісті бермеген жерлес ақынымыз Жомарт Баймұханмен «Әдебиет алаңындағы жаңа тыныс» атты кездесу кеш өтті.
Орталық кітапхананың ұйымдастыруымен өткізілген кездесу кешіне аудан жастары мен мектеп оқушылары қатысты. Іс-шара барысында орталық кітапхананың меңгерушісі Нұргүл Мысаева сөз сөйлеп, жерлес ақынымыздың шығармашылығы мен оның жетістіктеріне тоқталып өтті.
Жомарт Батиханұлының есімі ауданымызға өнер мен әдебиетті қатар алып жүрген жас ақын ретінде етене таныс. Ол қазіргі таңда аудандық балалар өнер мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Яғни, ауданымыздағы өнерлі бүлдіршіндерді қазағымыздың күй өнерімен сусындатып жүрген домбыра пәнінің мұғалімі.
Жомарт бойындағы тума талантымен аудандық, облыстық, республикалық жыр мүшәйра байқауларының жеңімпазы. Жақында ғана Байғанин ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі мен мәдениет үйінің ұйымдастыруымен көрнекті ақын Сағи Жиенбаев пен жазушы Тобық Жармағанбетовтің 90 жылдығына арналған «Күміс қалам» атты облыстық жазба ақындардың жыр мүшәйрасы өтті. Осы облыстық жыр мүшәйрада жерлесіміз Жомарт Баймұхан бас жүлдені жеңіп алып, «Күміс қалам» иегері атанып, 150 000 теңге қаржылай сыйақыға ие болды.
Сондай-ақ, жас ақынымыз облысқа танымал ақиық ақындар Есенбай Дүйсенбайұлы, Амантай Өтегенов, Өтежан Нұрғалиев атындағы байқаулар мен республикалық Сағи Жиенбаев атындағы жыр мүшәйрасының жеңімпазы. Кездесу кешінде оның шығармашылығы мен жетістіктері жастарымызға таныстырылды. Және де 2019 жылы «Жастар жылы» аясында Республикалық жыр мүшәйра жинағына енген жерлесіміздің жетістіктері де айтылды.
Табиғатымен көпшілікті еріксіз таңқалдырған Қарғалы ауданымызды ең алғаш ән мен жырға қосқан жерлестеріміз Шапағат Аманжол мен Жомарт Баймұханның «Қарғалы құшағында» атты жарық көрген өлең жолдары жерлестерінің есінде қалары сөзсіз.
Жастайынан поэзия жанрына қалам тербеген жерлес ақынымыз ел алдында өнерімен қатар, кішіпейіл, елгезектігімен де сыйлы.
Өмірін өлеңмен өрлеп жүрген ақын, күй өнерін дәріптеген ұстаз Жомарт бүгінде үш баланың әкесі. Оның бағындырар белесі мен жетістігі әлі де алда деп білеміз.
Осылайша, рухани ордада өткен кездесуге келгендер белсене қатысып, ауданымыздағы өнер мен әдебиет әлемін кейінгілерге дәріптеп жүрген жерлес ақынымыз жайында мол мағлұмат алып, көңілді тарқасты.
Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы»