Жеңістің 80 жылдығы: өңір басшысы тыл ардагерлерін мерекелік медальдармен марапаттады

Облыс әкімі Асхат Шахаров Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында тыл ардагерлері – Ниетжан Берікұлы, Ефим Иосифович Книжник және оның жұбайы Таисия Васильевнаға құрмет көрсетіп, Мемлекет басшысы атынан «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті.

Кездесу құрмет пен рухани жылулық үйлесім тапқан ерекше атмосферада өтті. 

Бұл адамдардың әрқайсысы өз алдына тұтас дәуір.

Ниетжан Берікұлы  педагогика саласының аңызы. Ол 57 жыл өмірін жастарды тәрбиелеуге арнады, білім берді, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Еңбек өтілі – 79 жыл. Профессор, ғылым кандидаты, тәлімгер, құрметті ақсақал. Ниетжан ағаның өмір жолы – сүйікті ісіне жанқиярлықпен қызмет етудің, білімге деген сүйіспеншіліктің және туған жерге деген адалдықтың үлгісі.

Ардақты ақсақал облыс әкіміне өзінің өткен естеліктерімен, бүгінгі ойларымен бөлісіп, болашақ туралы сөз қозғады. Әңгіме соңында ардагер өз батасын берді.  Елімізге амандық, облыстың өркендеуін, ал ел тұтқасын ұстар жас ұрпаққа табыс тіледі. Даналық сөздері ұрпақтар сабақтастығы мен аға буынды құрметтеу құндылығын еске салды.

Ал Ефим Иосифовичтің өмірі Ақтөбе облысындағы ірі хромит кен орындарының ашылуымен тығыз байланысты. Ол тау-кен инженері, геофизик. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның жер қойнауының құрметті барлаушысы, өңірдің геологиялық саласына зор үлес қосқан адам. Геолог жұбайы Таисия Васильевнамен бірге ғұмырының біраз бөлігін жер мен ғылым саласына қызмет етуге арнады.

Облыс әкімі ардагерлердің үйінде қонақта болып, аға буынға өнегелі өмірлері үшін, ғибратты істері үшін алғысын білдірді. Мамандыққа адалдығы мен патриотизмі үшін терең ризашылығын жеткізді. Жастардың еңбекке ынтасын арттырып, адал қызмет етуге деген шабыттарын арттыруға қосқан үлестерін атап өтті. 

«Сіздің өмір жолыңыз – бұл біздің өлкеміздің тарихы, біздің іргетасымыз. Біз Сіздерді мақтан тұтамыз және облыс пен ел үшін жасаған барлық істеріңізге шексіз ризамыз», – деп өңір басшысы Асхат Шахаров ардагерлерге  алғысын айтты.

Қос кездесу аға буынға жай ғана бөлінген көңіл емес,  болашақ ұрпаққа өзінің еңбегімен, төзімділігімен және өз ісіне деген адалдығымен жол ашқандарды құрметтеу қаншалықты маңызды екенін еске салды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

aqtobegazeti.kz