ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЕҢ ҚАУІПТІСІ — ПАРАҚОРЛЫҚ
Өткен аптаның бейсенбісінде Қарғалы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында семинар өтті.
Семинарға қатысушылар жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтарды болдырмау және оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою тақырыбында әңгіме өрбітті.
Іс-шара барысында Қарғалы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Бержанова облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің тапсырмасына сәйкес, басқарма мамандарына түсіндірме жұмыстары мен құқықтық оқыту жүргізді.
— Сыбайлас жемқорлықтың ең қауіпті түрі — парақорлық. Парақорлық билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасайды. Сол себепті де ең әуелі пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет, — деп түсіндірді Айнагүл Бержанова.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өткізген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру — түпкі мақсат екенін, жемқорлыққа жол бергендердің жазасы ауыр болатынын шегелеп тұрып айтқан болатын. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі семинар да — соның бір дәлелі.
Қарғалы-ақпарат.