ЖАТЫР МОЙНЫНЫҢ ҚАТЕРЛІ ІСІГІНІҢ ПРОФИЛАКТИКАСЫ: ҚАЗАҚСТАНДА АДАМ ПАПИЛЛОМАСЫ ВИРУСЫНА ҚАРСЫ ВАКЦИНАЦИЯЛАУ ЖАЛҒАСУДА

16 мамырда елдің барлық өңірлерінде Республикалық репродуктивтік денсаулық апталығы шеңберінде халықтың адам папилломасы вирусы, оның салдары және профилактиканың мүмкіндіктері туралы ақпараттылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізілуде.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы мамыр айындағы жағдай бойынша 11–13 жас аралығындағы 138 469 қыз бала АПВ-ға қарсы вакцинаның алғашқы дозасын, ал 44 956 қыз бала екінші дозасын алған.

Жатыр мойны обыры (ЖМО) әйелдердің арасында кең таралған онкологиялық аурулардың бірі болып қалып отыр. Жыл сайын әлемде осы диагноздан шамамен 300 мың әйел көз жұмады. Қазақстанда жыл сайын ЖМО-ның шамамен 2 мың жаңа жағдайы тіркеледі.

Жатыр мойны обырының дамуының негізгі себебі — жоғары онкогендік қауіпті адам папилломасы вирусының 16 және 18-типтері. Сондықтан уақытылы профилактика, әсіресе вакцинациялау, аса маңызды.

Вакцина тұрақты иммунитет қалыптастырып, болашақта аурудың дамуының алдын алуға мүмкіндік береді.

АПВ-ға қарсы ұлттық вакцинациялау бағдарламасы 2024 жылғы 1 қыркүйекте басталып, жоспарлы түрде жүргізілуде. Бағдарлама 11–13 жас аралығындағы қыздарды қамтиды және халықаралық стандарттар мен ұсынымдардың негізінде іске асырылуда.
Қазақстан онкологиялық ауруларды төмендету және әйелдер денсаулығын сақтау мақсатында бұл практиканы енгізген 135 елдің бірі болды.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі