«ЖАСЫЛ ЕЛ» САРБАЗДАРЫ ТАЗАЛЫҚҚА ҮЛЕС ҚОСТЫ

Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасуда. Осы орайда еліміз батырларға, ел басқарған ұлы тұлғаларға, Ұлт ұстаздарының рухына құрмет көрсетуді ұмытқан емес.

         Тарихы терең ауданымызда да тарихи-мәдени ескерткіштер жетерлік. Бүгінде тарихи бейнесімен қатар туристік сипат алып келе жатқан орындарды таза ұстау бүгінгі ұрпақтың борышы. Ежелгі нысандардың тазалығы ұлттың рухани байлығын көрсетеді. Олай болса, аталмыш акция аясында «Жасыл ел»  жастар жасағының, яғни ауыл жастары Қарабұтақ ауылындағы  Нұрпейіс Хазірет мешітінің ауласына сенбілік ұйымдастырды.

         Тазалық шарасы аясында жас сарбаздар мемлекеттің қорғауындағы мешіт айналасын шөптерден тазартып, қоқыстарын жинады. Тазалыққа үлес қосқандардың бірі Ғалия Муханова:

— Сенбі күнгі демалысымызды пайдаланып, біздер, яғни «Жасыл ел» еңбек жасағы экологиялық акцияға қуана қатыстық. Өйткені бұл мешіт – ауданымыздағы мәдени мұрамыз. Сондықтан да, қазір біз осының бәрі біздің мекен етіп отырған жеріміз екенін түсініп, қоршаған ортаны қорғау үшін қолдан келген көмегімізді аянып қалмадық. Барлығымыз бір үйдің балаларындай жұмыстарды бөлісіп алып, қолқабыс еттік,-дейді ол.

Сондай-ақ, «Жасыл ел» жасағының жұмысы жайында аудандық Жастар орталығының басшысы Мейіржан Жұбанның пікірін білген едік.

— Бұл жылы «Жасыл ел» еңбек жасағы «Балапан» бала-бақшасының күрделі жөндеу жұмыстарына қатысып жатыр. Сонымен қатар орталықтың түрлі шараларына шақырамыз. Біздің мақсатымыз — жастарды қоғамда, жастар мәселелерінде белсенділікке шақырып, табиғатқа, тазалыққа және тәртіпке баулу,-дейді орталық басшысы.

Қарғалы-АҚПАРАТ