ЖАСТАРҒА КЕҢЕС БЕРІЛДІ

Өткен аптада аудандық жастар ресурстық орталығында «Жастарға Кеңес» жобасы аясында консультативтік кездесу өтті.

Кездесу аудан жастарына мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттар беру мақсатында ұйымдастырылды. Бұл басқосуға аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Шахнияз Сақабаев, аудандық мансап орталығының маманы Нағашыбай Смағұлов, аудандық Пробация қызметінің аға инспекторы әділет аға лейтенанты Тимур Абытаев қатысып, жастарға арнайы бағдарламалар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Келелі кездесуде мекеме басшылары аудан жастарына  «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» мен  «Бизнестің жол картасы» жобалары бойынша мағлұматтар беріп, оларды толғандырған сұрақтарына жауап берді. Бұл бағдарламалар ауыл жастарының білім алуына, оған қоса жұмысқа орналасу мен жаңа кәсіп көздерін ашуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, елімізде халықтың әлеуетін көтеру мақсатында бірқатар қадамдар жасалуда. Әлеуметтік бастамалардың әсіресе жастарға бағытталуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Сондықтан да, бұл іс-шара жастардың кәсіби және әлеуметтік дамуына бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Осы орайда жастардың  қоғамдық ой-санасын жетілдіру, шығармашылық әлеуетін арттыру жолында жұмыс жасайтын аудандық жастар ресурстық орталығының орны ерекше. Жастармен өткен кеңес беру іс–шарасының маңыздылығы жайында аталмыш орталықтың басшысы өзінің пікірін білдірген еді.

-Жастар-еліміздің болашағы мен басты ресурсы болғандықтан, мемлекетіміз осы мақсатта көңіл бөліп, көптеген мүмкіндіктер тудыруда. Соның бірі — «Жастарға Кеңес» жобасы. Бұл жобаның жастар үшін маңызы зор. Міне, осы мақсатта мекеме басшыларымен кездесу ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі кездесуде жастарымызға тиімді бағдарламалар жайында кеңінен ақпараттар беріліп отыр. Аталмыш іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз — мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын жастар арасында насихаттау, жұмыссыз, NEET тобындағы жастарға бағдарламалар бойынша кеңес беру жұмыстарын жүргізу және мемлекеттік қызметке кадрларды тартудың кешенді жүйесін қалыптастыруды қамтамасыз ету,- дейді орталық басшысы Мейіржан Жұбан.

Сонымен қатар, аудандық Пробация қызметінің аға инспекторы әділет аға лейтенанты Тимур Абытаев Қостанай қаласындағы ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы академияға түсу жолдары мен Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінде бос лауазымдық орындарға жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жайында профориентациялық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Айта кету керек, жастарға арналған мұндай кеңестер олардың кәсіби бағдарын анықтап, болашақта өз әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл басқосуда аудан жастарының мемлекеттік қолдау мен бағдарлама арқылы білім алуға, жұмысқа орналасуға және жеке кәсіп бастауға мүмкіндік туғызып  отыр. Және жоба аясындағы кеңес беру кездесулері алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Расында, жастарымызға мемлекет тарапынан саяси бағыт бойынша да үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында да жастар – елдің ертеңі, ал олардың білім алып, дамуы – біздің басты міндетіміз деп атап өткен болатын.

Сол себепті де жастарды қолдауда жүзеге асып келе жатқан жобалар тың бастамалардың  бағыт алуына жол ашады. Сайып келгенде, барлық жобалардың мақсаты — жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы жастарға кеңес беру және ақпараттандыру арқылы жасөспірімдер мен жастардың жеке және әлеуметтік дамуына жәрдемдесу, жастар ресурстық орталықтарының негізгі бағыттары шеңберінде бейресми білім беру арқылы жасөспірімдер мен жастардың жеке және әлеуметтік дамуына ықпал ету, жастар ресурстық орталықтарының негізгі бағыттары шеңберінде жастардың цифрлық жобаларын іске асыру арқылы жасөспірімдер мен жастардың жеке және әлеуметтік дамуына жәрдемдесу және кәсіптік бағдар беруге дайындауға жәрдемдесу болып табылады.

 Жұлдыз КЕНЖЕ