ЖАСТАР ТАЗАЛЫҚҚА ҮЛЕС ҚОСТЫ

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ауданымызда қарқынды түрде жалғасуда.
Осы орайда аудан жастары да тазалық акциясына белсенді үлес қосып, аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, өткен аптада Бадамша агротехникалық колледжі жанынан құрылған «Мейірімді жандар» еріктілер тобы «Таза Қазақстан» жобасы аясында «Ардагерлерді ардақтайық» акция барысында ауданымыздағы ардагерлерге құрмет көрсетіп, көмек қолын созды.
Қарттарға қамқорлық жасау баршамыздың басты парызымыз. Осыған орай ерікті жастарымыз зейнеткер Потемкина Наталья Николаевнаның үйінің ауласын қалың қардан тазартып берді. Ардагеріміз де жастарымыздың белсенділігі мен қайырымды істеріне дән риза болып, алғысын білдірді.
-Үлкендердің ризашылығы біз үшін үлкен мәртебе. Сондықтан да, біздің мақсатымыз үлкендерімізге сыйластық танытып, оларға қажетті қамқорлқ пен қолдау көрсету. Сол себепті де аудан еріктілері белсенділікпен зейнеткеріміздің үйіне келіп, ауласын қардан тазалап, күнделікті тұрмысын жеңілдетуге үлес қостық. «Таза Қазақстан» акциясының маңызы зор. Барша аудан жастарының алдағы уақытта да белсенділік танытуға шақырамын,-деген лебізін білдірді Бадамша агротехникалық колледжінің 2 курс студенті Ильин Ильдар.
Айта кету керек, аталмыш оқу орнының студенттері әркез жақсы істердің басы-қасында жүреді. Бұған дейін де көптеген игі бастамалардың белсенді қатысушылары.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында атқарылған жұмыстар аз емес. Акцияға қатысушылар қоршаған ортаны қоқыстан тазартып қана қоймай, қоғамдық орындар мен ескерткіш алаңдарын, оған қоса жалғызбасты егде жастағы қарттарымыздың үйлерін қардан тазартуға көмектесуде.
Осы орайда аудан жастарының жұмысын насихаттап, оларға қолдау көрсетуде аудандық жастар ресурстық орталығының үлесі зор.
-Бүгінде ауданымызда жастарды жан-жақты дамытуда біршама жұмыстар атқарылып, жастар саясаты, жастарды әлеуметтік-экономикалық жағынан қолдау шаралары өз шешімін тауып келеді. Оған қоса жастарымыз әркез қоғам дамуындағы игі бастамалардың қолдаушысы. Солардың бірі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы біздің өңірімізде де қарқынды түрде қолға алынып, биыл да жалғасын табуда. Акция аясында жыл басталысымен-ақ, саябақтар, ескерткіш алаңдары тазаланды. Сондай-ақ, Ауған соғысы жауынгерлеріне арналған алаң, Петропавл, Ащылысай, Қосестек сынды ауылдық округтердегі белсенді жастар тобы зейнеткерлеріміздің үйлерін қардан тазартып берді. Акция алдағы уақытта да «Мейірімді жүрек», «Таза ауыл», «Ардагерлерді ардақтайық», «Таза өзен» т.б. атаулармен жалғасын таба бермек,-дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбан.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА