Жастар мемлекеттік қызметте

Әрбір дамыған өркениетті мемлекеттің айнасы — ол мемлекеттік қызметші. Мемлекеттік қызметші — елдің мүддесі үшін өз күші мен бар уақытын аямай еңбек ететін тұлға болу керек. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу- абыройлы міндет.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жоюға бағытталған тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға өзгерістер енгізілді.

Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке тарту, өңірлердегі кадр тапшылығын шешу мақсатында қабылданған норма.

Қарғалы ауданының тумасы  Ерсұлтан Серікұлы Биисов Жосалы орта мектебін аяқтап, Қазақ — Орыс Халықаралық университетін «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, кәсіпкерлік саласында, атап айтқанда, ауыл шаруашылығымен айналысатын «Агросбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде біраз еңбек етіп, кейін мемлекеттік қызметке келуді мақсат қойды.

Қазіргі уақытта Қарғалы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ауыл шаруашылығы саласы бойынша бас маманы  болып қызмет атқаруда.

— «Кейде өмір алдыңа екі таңдау қояды: не мемлекеттік қызмет, не жеке сектор. Ал, қай қызметте мансап қуу тиімді екенін дөп басып айту тіпті де қиын. Барлығы мақсатың мен мінез-құлқыңа және т.б. факторларға байланысты. Мен де жеке сектордан мемлекеттік қызметке келмес бұрын көп ойландым. Мемлекеттік қызметтегі әріптестерім өздерінің тұрақтылығы мен ашықтықтарын ең бағалы қасиеті деп есептейтін және  болашақтарына сеніммен қарайтын. Әріптестеріме қарап, мемлекеттік қызметке деген қызығушылығым күн санап арта бастады, сөйтіп мемлекеттік қызметті таңдадым. Мемлекеттік қызметші болу мен үшін зор мәртебі. Өзім елге адал қызмет етуді басты мақсатым деп санаймын. Менің ойымша, мемлекеттік қызмет халық пен мемлекет арасындағы байланыс көпірі секілді. Бұл салада еңбек ету үшін білім мен біліктілік, жауапкершілік пен төзімділік қажет. Мен мамандық таңдауды тағдырыңды таңдау деп түсінемін. Кейін өміріңде өкінбейтіндей, қабілетіңе сай, әрі қарай дамуыңа оң әсерін тигізетін кәсіп түрін таңдаған жанның табысты болатыны анық. Себебі, өз мамандығын жақсы көрген әрбір адам жүктелген жұмыстың қиындығына қарамайды. Жас мемлекеттік қызметші болсам да еліміздің дамуына өзімнің елеулі үлесімді қоссам деймін. Мемлекеттік қызмет — бұл ауданның, облыстың, елдің және барша жерлестердің игілігі үшін жасалатын жұмыс. Біз еліміздің патриоты болуымыз керек»,- дейді ол.

Мемлекеттік қызметке қабылданған жас маманға ел игілігі жолындағы қызметіне сәттілік пен табыс тілейміз!

Жанылсын ИМАНГАЛИЕВА,

Қарғалы ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі

(кадр қызметі) бөлімінің басшысы