Жасаған еңбегі жастарға үлгі
Биыл елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қолға алынып, барша халық үлес қосып, ауыл-аймақ тазарып, жасыл желектерге көмкеріліп қалды.
Солардың ішінде біздің ауданның да үлесі зор. Осы орайда айтпағымыз, Бадамша ауылының тазалығына ұзақ жылдар бойы өзіндік үлес қосып келе жатқан жеке кәсіпкер — Қайрат Каюпов жайлы болмақ.
Баршамызға белгілі Елбасының биылғы Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды»,-дегеннен бері баспасөздер жарыса жазуда. Солардың ішінде өзіміздің аудандық газетіміз де бар.
-Қайрат Аманқосұлы, сізбен әңгімелесудің сәті келіп тұр. Олай болса, мен сізді білгелі осы Бадамша ауылдық округінде әлеуметтік жұмысшыларға әскердегідей нұсқау беріп жүресіз. Ендеше, қызметіңіз жайында айтып өтсеңіз?
-Өзіңіз айтып өткендей, әр адамның қызметі еңбегіне қарай бағаланатынын ескерсек, аса бір ірі кәсіп ашып, көзге түспесек те қатардағы қарапайым қызметкермін. Осы көзге көрінбейтін еңбекті бағалап, көңіл бөлгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Мен осы аудан орталығына келгеннен кейін әр салада еңбек еттім. Ал 2011 жылдан бастап, Бадамша ауылдық округі аппаратында шаруашылық меңгерушісі болып қызмет етемін. Оған қоса биыл елімізде бастау алған «Таза Қазақстан» акциясына да қосқан үлесім де баршылық.
-Енді өзіңіздің өмір жолыңызға тоқталып өтсеңіз?
-Өз өмір жолымды қысқаша баяндасам, мен Өзбекстан Республикасына қарасты Қарақалпақ автономиялық облысының Қоңырат ауданы Үстірт ұжымшарында 1980 жылы 25 мамыр айында дүниеге келдім. Сол жердегі Тельман атындағы орта мектепті 1997 жылы бітіріп, одан соң Нүкіс қаласындағы экономикалық колледжіне түсіп, 2000 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдап шықтым. Отбасымдағы 3 баланың мен үлкенімін. 2001 жылы біз отбасымызбен бірге Бадамша ауылына қоныс аудардық. Әкем Аманқос мекемелерде күзетші, анам Тамара медбике болып қызмет жасады. Қазір екеуі де зейнет жасында. Зейнеткер болса дағы үйде мал ұстап, игілігін көріп отырған жандар.
-Өзіңіздің жанұяңыз туралы не айтасыз?
-Өз отбасым жайында айтатын болсам, 2004 жылы зайыбым Динамен отау құрдық. Жолдасым аудан орталығындағы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс жасайды. Отбасымызда 2 ұл мен 2 қызымыз бар. Үлкен ұлым Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алуда. Өзі кішкентайынан күй өнеріне бейім. Ал қызым Ақтөбе қаласындағы медициналық училищеде оқиды. Қалған екеуі мектепте білім алуда.
-Сіз сөз басында «Таза Қазақстан» республикалық акциясына қосқан үлесім бар деп қалдыңыз. Енді осы акция жайында айтып өтсеңіз?
-Дұрыс айтасыз. Олай айтуымның бірден бір себебі мынада. Мен жұмыстан кейін, өз автокөлігіммен сауда орындары мен кейбір өзіме бөлінген тұрғын үйлердің қоқыстарын жиып-теруді біраздан кәсіп етіп келемін. Шындығында жеке кәсіпкермін. Осы орайда биылғы көктем айында басталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына ауданымыз белсене қатысты. Мен де акция аясында сенбіліктерге белсене қатысып, жиналған бірнеше тонна қоқыс қалдықтарын өзімнің автокөлігіммен шығаруға атсалыстым. Мен бұл әрекетімді жариялауым, міндетсіну емес, өзім тұрып жатырған ауылымның тазалығына қосқан азаматтық үлесім деп білемін. Бұл еңбегімді бағалаған аудан басшысы да алғыс хатпен марапаттады. Бұл қарапайым еңбегімнің еленгені деп білемін. Әркез қолдан келетін көмегімді аянып қалған емеспін.
Иә, расында қай кезде де адамды адам ететін адал еңбектің құндылығы жоғалмайды. Оның үстіне бүгінгі кейіпкеріміздей табысты адамдардың еңбек жолы жастарға қашан да үлгі. Олай болса, еңбекқорлыққа ұмтылған жастарымыз көп болсын дегім келеді.
Сұхбаттасқан Бақыт ИМАШЕВ