ЖАС СУРЕТШІЛЕРДІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ
Ауданымыздағы бүлдіршіндеріміздің өнер жолында өз имиджін қалыптастырып, үлкен өнерге қанаттандыруда жас таланттардың талабын ұштап, түрлі өнер байқауларына қатыстырып, өнерлі балаларымызға бағыт-бағдар беріп отырған Өнер мектебінің орны зор.
Аталмыш мектептің талантты шәкірттері республикалық байқауда топ жарып, тағы да нәтижелі жетістікке қол жеткізді.
Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтар Федерациясы және Түркістан облысы мен Шымкент қаласының аймақтық өкілдігі, «Балалар көркемсурет мектебі» МКҚК – ЮНЕСКО Клубының қолдауымен мектептен тыс мекемелер арасында республикалық «Ұлы дала аңыздары» атты байқау өтті.
Байқаудың мақсаты — өскелең ұрпақтың еліміздің мәдениетін жаңғыртуға үлестерін қосуға, өткен тарихына қызығушылығын қалыптастыруға, патриотизмге, толеранттылық пен жаһандық азаматтыққа тәрбиелеуге бағытталған. Сондай-ақ, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа біздің ата-бабаларымыз арқылы беріліп келген қазақ халқының тарихы мен ертегілерінен сыр шертеді.
Бұл республикалық байқауда аудандық балалар өнер мектебінің «Көркемсурет» пен «Киім Дизайны» бөлімінің білім алушылары қатысып, нәтижесінде жүлделі орындарға ие болды. Өнерлі бүлдіршіндеріміздің шығармашылық жұмыстары таңдалған тақырыптарына сай болуымен, түпнұсқалығы, айқындығы мен орындалу сапасына қарай бағаланған.
Осылайша, республикалық байқауда жетістікке қол жеткізіп, жүлделі ІІ орынды иеленген Дарья Каминская (жетекшісі Нұрила Жақсыберген), ал жүлделі ІІІ орынға ие болғандар Жанат Ержанова (жетекшісі Айнур Кангельдина) және де Жансая Молдыбаева (жетекшісі Мирамгуль Жакешева).
Сонымен қатар, Кира Матюшина, Ханшайым Ахметова, Анель Ержанова, Айжан Куандыкова, Акмаржан Абдигалиева, Акжан Сериковалар байқауға белсенділік танытып қатысқандары үшін арнайы сертификаттармен марапатталды.
Жұлдыз КЕНЖЕ