Жас дарындар Әлия рухына ән арнады

Петропавл ауылдық клубында қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Батыр Әлия» атты аудандық патриоттық ән байқауы өтті.
Бұл өнер додасы — тек байқау ғана емес, рухты түлеткен, жүректерді елжіреткен естен кетпес мәдени шара болды. Шараның басты мақсаты – Әлияның отан үшін жан қиған ерлігін ұлықтап, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятып, өнерге құштар жас дарындарға қолдау көрсету.
Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде қатысушылар патриоттық әндер арқылы Отанға, ерлікке деген махаббаттарын жеткізсе, ал екінші кезеңде еркін тақырыптағы әндермен өздерінің вокалдық мүмкіндіктерін толықтай паш етті.
Өнер сайысына Петропавл, Ащылысай, Велихов, Қосестек пен Шәмші, Жосалы ауылдық клубтарының өнерпаздары қатысты. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 10–13 және 14–21 жас аралығы бойынша екі топқа бөлініп өнер көрсетті.
Әділқазылар алқасының құрамында аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы, байқаудың демеушісі – Мейіржан Жұбан, аудандық мәдениет үйінің талантты әншісі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты – Есет Әлімжан, сондай-ақ аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, облыстық ән байқауларының жүлдегері – Жансая Даурбаева өнерпаздардың өнерін әділ бағалады.
Қазылар байқау барысында үміткерлердің вокалдық мүмкіндігін, сахна мәдениетін, репертуар таңдауын және орындау шеберлігін басты назарда ұстады. Олар әрбір қатысушының өнеріне кәсіби көзбен қарап, салмақты пікір білдіріп, жас орындаушылардың сахналық мәдениетіне, дауыс ерекшелігіне және орындаушылық шеберлігіне ерекше назар аударды.
Шара соңында қазылар алқасы үздіктерді анықтап, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды.
Осылайша, жас ерекшеліктеріне қарай 1 және 2-топтар бойынша жүлделі I орынды Петропавл ауылдық клубының вокал үйірмесінің қатысушылары иеленді. Ал II орын Жосалы және Шәмші ауылдық клубтарының өнерпаздарына табысталса, III орын Ащылысай мен Велихов ауылдық клубтарының жас өнерпаздарына бұйырды.
Сонымен қатар, Қосестек және Велихов ауылдық клубтарының өзге қатысушыларына да алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталып, олардың еңбегі елеусіз қалмады.
Айта кететін болсақ, бұл байқау жас таланттардың шеберлігін шыңдап, өнер жолындағы алғашқы қадамдарын одан әрі дамытуға үлкен серпін берді.
Жұлдыз КЕНЖЕ