ЖАРҚЫН ЖАСТЫҚ

Дәл осындай атаумен өткен аптада Шәмші ауылындағы ауылдық клубы мен модельді кітапхананың бірлесуімен студенттермен кездесу кеш өтті.

Кештің негізгі мақсаты – жоғары кәсіптік оқу орындарының студенттерін кездесуге шақыра отырып, оқушыларға мамандық таңдау, оның адам өмірінде алатын орны, маңызы жайындағы түсініктерін қалыптастыру.

Сондай-ақ, кездесуде әр мамандық иесіне тән қасиеттер мен ерекшеліктерді дамыту және де озық қабілеттерін кейінгіге үлгі ету, мамандықтардың түрлері мен әр оқу орындары туралы мағлұматтар кеңінен берілді.

Кездесу барысында Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Арайлым Аманоллаева сөз сөйлеп, өзінің таңдаған мамандығы жайында сыр шертті.

-Мен өзімнің жүрек қалауыммен қалаған мамандығымды мектеп табалдырығынан, нақтырақ айтар болсам, 5 сыныптан бастап таңдадым. Сол мамандыққа түсу үшін білім алып, алдыма мақсат қойып, нәтижесінде қол жеткіздім. Қазіргі таңда өзім қалаған мамандықта, өзім таңдаған жоғарғы оқу орнында білім алып жатырмын. Адам өмірде мамандық таңдаудан қателеспеу керек демекші, мен бұл жолда таңдаудан қателеспедім деп толық айта аламын,-дейді студент.

Осылайша, кездесуге қатысқан студенттер өздерінің оқу орындары, мамандықтары туралы мәлімет беріп, студенттік өмірдің қызығы мен қиыншылығы туралы баяндап, мектеп оқушыларының көкейіндегі сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, Шәмші Қалдаяқов  модельді кітапханасының кітапханашысы кездесуге келген түлектер мен оқушыларды рухани ордаға шақырып, ондағы жаңадан келген кітаптармен таныстырып, оларды оқуға кеңес берді.

Шараны ұйымдастырушылардың бірі — Шәмші ауылдық клубы. Осы орайда клуб меңгерушісінің пікірін білген едік.

— Бұл шараны өткізудегі басты мақсатымыз — мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беру, таңдау мүмкіндіктеріне кішкене болса да септігімізді тигізу және де  олардың өз пікірлерін еркін айтуға, басқаның пікірін сыйлай білуге, жүйелі ойлауға баулу. Оған қоса, студенттік кез — жарқын жастықтың, қызықты шақтардың қайталанбас сәті. Бұл адам  өміріндегі ең бақытты да ең қызықты жылдар деп ойлаймын. Біз де студент болғанбыз. Студенттік кезімізде бір күн бос уақытымыз болмайтын еді. Студент болу оқу материалын тануға ғана емес, тұлғаның көп қырлы дамуына мүмкіндік береді. Сондықтан да, қазіргі жастар — еліміздің болашағы. Болашақ білімді ұрпақтың қолында. Сол себепті де бүгінгі оқушы ертеңгі студент. Міне, осы мақсатта студенттерді шақырып, оларды мектеп бітіруші түлектермен кездестіріп, мамандық пен оқу орнын таңдаудағы әсерлерімен бөлісіп, пікір алмасуды жөн көрдік. Осыған орай жақсы әсерлі кеш болды. Еркін тақырыпта әңгімелер өрбіді. Бұл уақыт зымырап өтеді. Бірақ заман ағымына лайықты білім алу мен  белсенді студенттік өмір тәжірибесін қалыптастыру сіздердің қолдарыңызда,-дейді Шәмші ауылдық клубының меңгерушісі Гаухар Куанова.

Кездесу соңында студенттер мен оқушылар арасында жағымды атмосфера қалыптастыру мақсатында қызықты ойындар ойнатылып,  белсенділік танытқан студенттерге естелік сыйлықтар таратылды.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерКездесу