ЖАРАСЫМДЫ ЖҰПТАР САЙЫСҚА ТҮСТІ
15 сәуір күні еліміздің бірқатар өңірлерінде жастар арасында «Қозы Көрпеш- Баян сұлу», яғни «Ғашықтар күні» аталып өтіп келеді. Бұл күн елімізде 2011 жылдан бастап мерекелер қатарында. Ғашықтар күнінің «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» күні деп аталуының өзіндік себебі бар. Өйткені, қазақ халқында бұл қос жұп — мәңгілік махаббат пен кіршіксіз сезімнің символы болып қала бермек. Осы мерекеге орай аудандық мәдениет үйіне қарасты Қосестек ауылдық клубында “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” атты жас отбасылар байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы ұғымының қоғамдық санамен сабақтасқан ішкі үйлесімін қалыптастыру және насихаттау.
Жарасымды жұптардың басын қосқан сайысқа Шәмші, Қосестек, Әлімбет, Бадамша және Степной ауылдарының өнерлі жас отбасылары қатысты. Байқау шарты бойынша 3 кезеңнен тұратын сайыста әр жұп өз өнерлерін ортаға салып, бақ сынасты. Жас отбасылардың өнерлерін арнайы әділқазылар алқасы бағалады.
Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар «Love story» атауымен қазіргі заманауи негізде отбасыларын бейнеролик арқылы таныстырды. Одан соң 2 кезеңде «Өнерлі жанұя» тақырыбында өз өнерлерін ортаға салса, соңғы «Ғашықтың тілі-тілсіз тіл» атты 3 кезеңінде отбасылық түрлі сауалдарға жауап берді.
Осылайша, қызықты да тартысты өткен шараны әділқазылар алқасы бағалап, нәтижесінде жүлделі 1 орынды Шәмші ауылынан келген Нұржан мен Нағзияның отбасы иеленді. Ал байқаудың 2 орын жүлдесі Бадамша ауылынан қатысқан Абай мен Мансияның отбасыларына бұйырды. Сондай-ақ, жүлделі 3 орынды Әлімбет ауылынан қатысқан Бақытжан мен Анардың отбасылары иеленді. Ал Қосестек ауылынан қатысқан Сергей мен Екатерина және де Степной ауылынан Алихан мен Гүлназ сайысқа белсенділік танытып қатысқаны үшін арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Аталмыш байқау ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, ерекше ризашылық пен қошеметке бөленді. Сайыс соңында барлық қатысушы отбасылық жұптарға дипломдар, алғыс хаттар және де бағалы сыйлықтар табыс етті.
Жұлдыз КЕНЖЕ