ЖАНСАЯНЫҢ ЖЕҢІСІ: БАС ЖҮЛДЕ БІЗДІҢ АУДАНҒА БҰЙЫРДЫ

Өткен аптада Қобда ауданында Кеңес Одағының Батыры Иманғали Білтабановтың 100 жылдығына арналған «Қобданың ақ таңы» атты облыстық әндер байқауы өтті.
Мерейлі шараға Қарғалы, Қобда, Хромтау, Ойыл, Мұғалжар, Ырғыз, Алға, Темір, Әйтеке би аудандарынан келген өнерпаздар қатысып, өзара бақ сынады. Байқау барысында әр өңірден жиналған әншілер өздерінің өнерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Өнер додасында біздің ауданның намысын қорғаған аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Жансая Даурбаева ерекше дарындылығымен көзге түсіп, үздіктердің қатарынан көрінді. Жоғары деңгейде өнер көрсеткен Жансая қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алды. Сонымен қатар, ол 200 000 теңге көлеміндегі ақшалай сертификатпен марапатталды.
Бұл жеңіс — ауданымыздың мәдениетіне қосылған зор үлес әрі жас өнерпаздардың шабытын арттыратын жарқын жетістік.
Жұлдыз КЕНЖЕ