Жаңа тұжырымдамалық құжаттан күтеріміз көп

Бақыт ИМАШЕВ,
Қарғалы ауданының құрметті азаматы
Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ономастика саласын ретке келтіруді тапсырды. Ол аталған саланың ұрпаққа қалдыратын рухани мұраның маңызды әрі үлкен бір бөлшегі екендігін атап өтіп, ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталғандығын мәлімдеді.
— Ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту — мұның бәрі ауқымды идеологиялық жұмыстың ажырамас бөлігі. Сондықтан ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек деген пікірмен келісемін. Жекеменшік нысандарға атау бергенде де жүгенсіздік болмауы керек. Кейде қала көшелерінде айтуға ыңғайсыз атауы бар тақтайшалар ілулі тұрады. Креатив деген, әрине, жақсы, бірақ қоғамдық тәртіп және әдеп нормаларын сақтау керек. Сондықтан кәсіпкерлердің де ономастика мәселесіне жауапкершілікпен қарағаны жөн, — деген ел Президенті көшелер мен елді мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту мәселесіне келгенде жергілікті атқарушы органдардың көп қателік жібергендігін баса айтты.
Жалпы, көшеге адам атын беру үшін ұсыныс арнайы түзілген «Тарихи тұлғалар» тізімінен алынуы керек. Бұл заңмен бекітілген. Мұндағы тұлғалар — елге, ұлтқа ерекше қызметі, ерлік істерімен тарихқа енген адамдар болуға тиіс. Өкінішке қарай, бүгінде жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол берілген. Көшеге адам атын бермес бұрын ол адамның ұлт әдебиеті мен мәдениетін өркендетіп, өсіруге титтей де болсын үлесі тиді ме сол жағы жан-жақты тексерілсе екен. Қазір ономастиканың елдің тұтастығына, халықтың бірлігіне қызмет ететінін ұмыт қалдырған секілдіміз. Ұлттық деңгейдегі қайраткерлерден гөрі, өз жерімізден, руымыздан шыққан мықтыларға бүйрегіміз «бұрып тұрады». Сондықтан Мемлекет басшысының бұл істі орталықтандыру туралы шешімін құптаймын. Ол жиында ономастика саласындағы жұмыстың бірыңғай әрі нақты регламенті бар екенін және депутаттар ономастика комиссиясының келісімімен ғана жеке нысанды адам атымен атауға рұқсат беретін түзетулерді қарап жатқандығын айтты. Бұл — дұрыс шешім. Алайда тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге бұл жұмыспен тиянақты айналысса, елдікті сақтап қалған тарихи тұлғалардың есімі ел есінде қайта жаңғырар еді.