ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Елімізде соңғы жылдары білім, спорт, денсаулық сақтау саласында ел игілігі үшін көптеген жаңашылдықтар мен оң өзгерістер жүзеге асып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша»,-деген болатын. 

Сондай игі істердің бірі — жыл аяқталар тұста Бадамша ауылы тұрғындары үшін, оның ішінде әсіресе, спортсүйер қауымның қуанышына орай, көптен күткен оқиға аудан орталығындағы спорт кешенінің  ашылуы орын алды. Жыл тоғысындағы бұл жаңа нысанның ресми түрде ашылуына ауыл халқы дән риза.

Спорт кешенінің ашылу салтанатына аудан әкімі мен орынбасарлары, мекеме басшылары мен спорт ардагерлері, жастар және де аудан тұрғындары қатысты.

Бадамшалықтарды қуанышқа бөлеген аталмыш жаңа нысанның бой көтеруі келешек жастарымызды спортқа баулуда маңызы мен рөлі зор. Жаңа спорт кешені заманауи талапқа сай салынып, барлық жағдай жасалған.

Айта кететін болсақ, аудан орталығы  Бадамша ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2018 жылы бастау алған еді. Құрылысы бой көтергеннен-ақ, тұрғындар қуанышында шек болмады. Өйткені, шағын аудан  тұрғындары, оның ішінде балалар мен жастарымыз үшін заманауи спорт кешенінің салынуы салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортпен айналысуға кең жол ашады деп үміттенді. Алайда, басталған құрылыс жұмыстары түрлі себептерге байланысты тұрып қалып, тұрғындарды да уайымға салғаны жасырын емес. Сөйтіп, жөндеу жұмыстарын толық аяқтамаған бірінші мердігер жосықсыз деп танылып, онымен арадағы келісімшарт бұзылған.

Осы орайда облыс әкімі Асхат Шахаровтың алғашқы жұмыс сапары біздің ауданымыздан басталып, сол кезде де бұл нысанды арнайы аралап, аталмыш ғимараттың құрылыс жұмыстары бойынша жаңа мердігерді анықтап, оның жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырған еді.

Осылайша, 2023 жылдың аяғында жаңа мердігер ретінде «Baspana Build» ЖШС анықталып, ол кешен құрылысын уақытында аяқтауға уәде берді. Жауапты деп танылған компания спорт нысанының тұрып қалған құрылыс жұмыстарына 126 млн. теңге жұмсады.

Нәтижесінде, құрылысы ұзақ күттірген жаңа спорт кешені ұлу жылының соңғы күндерінде аудан тұрғындарының игілігіне беріліп, спортшыларымыз үшін есігін айқара ашты. Спорт кешенінің аумағы 2108,0 мың шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ, кешен заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда 9 секция жұмыс істейді. Олар: бокс, волейбол, футбол, дзюдо, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, еркін күрес, президенттік көпсайыс, жеңіл атлетика және де жүзу бассейні бар. Сонымен қатар, алдағы  уақытта облыстық спорт басқармасы басқа да керек-жарақтармен қамтамасыз етпекші.

Спорт кешенінің ресми ашылу салтанатында аудан басшысы Нұрлыбек  Унербаев құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде спорттың өскелең ұрпақтың денсаулығы мен тұлғалық дамуына тигізер маңызын ерекше атап өтіп, жаңа спорт нысанының  аудан жастарының жетістіктеріне жол ашатындығына сенім білдірді.

Шара барысында жаңа нысанның бастан-аяқ жұмысын атқарған мердігер Қаңтарбай Роллан аудан жұртшылығына лебізін білдіріп, жаңа ғимарат кілтін салтанатты түрде «Ақтөбе облысының Дене шынықтыру және Спорт басқармасы» ММ Бадамша балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Галия Таджиеваға табыстады. Аудан ақсақалы Сабыржан Бисенов пен спорт ардагері Сүлеймен Омаров аудан халқының ризашылығын жеткізіп, аудан жастарына жаңа ғимаратта жетістікке жете беруіне тілектерін білдіріп, ақ баталарын берді.

Сонымен қатар, нысанның ашылу рәсімі аясында 2024 жылды қорытындылауға арналған шағын футболдан жастар арасында аудандық ашық турнир ұйымдастырылды.

 

 

Турнирге ауданның ең үздік командалары қатысып, жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті. Сондай-ақ, спорттық жарыстар мен турнирлер барысында ауданның жас спортшылары өз шеберліктерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жарыс нәтижесі бойынша жүлделі І орынды №2 Бадамша орта мектебінің командасы иеленсе, ІІ орынды Желтау ауылдық округі командасы, ал ІІІ орынды №13 Өрт сөндіру бөлімінің командасы өзара бөлісті. Сондай-ақ, ойын барысында жекелей белсенділік танытқан спортшыларымыз да марапатталды. Атап айтар болсақ, «Үздік қорғаушы»-Руслан Амиров, «Үздік шабуылшы»-Жандаулет Нұрмұханбетов, «Үздік қақпашы»-Дәулет Орынбаев иеленді.

Міне, осылайша жақсылығы мол іс-шарада әннен шашу шашылып, мың бұрала би билеп, турнир жеңімпаздары марапатталды.

Бақыт ИМАШЕВ