ЖАҢА ӘКІМГЕ НАҚТЫ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ

26 тамыз күні Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров іссапармен ауданымызда болып, аудандық мәслихат депутаттарының келісімен өлкеміздің жаңа әкімін тағайындап, аудан активімен кездесу өткізді. 

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен аудандық мәслихатының келісімімен тағайындалған ауданның жаңа әкімі Нұрлыбек Өнербаев таныстырылды. Оның өмірбаянымен таныстыра келе, білімі мен тәжірибесі мол кадрға өңірдің экономикалық қуатын арттыру бағытында үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді.

 

-Қарғалы ауданы – облыс экономикасының дамуына үлесін қосып отырған облысымыздағы іргелі аудандардың бірі болып саналады. Бүгінде аудан экономикасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын  орындаудың арқасында бірқалыпты дамып келеді. Десек те, аудан басшылығы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің 100% орындалуын, сонымен қатар өсімін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдау қажет, — деп атап өтті Асхат Шахаров.

Сонымен қатар, облыс басшысы биылғы жылдың 7 айында ауданның өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру саласындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң нәтиже байқалады. Ал инвестиция тарту төмендегенін де тілге тиек етті.

-Инвестициялар тарту және шағын орта бизнесті дамыту есебінен жаңа жұмыс орындарын ашуды қолға алу керек. Аудан аумағында темір, никель рудасы, құрылыс тастары, қиыршық тас пайдалы қазбалары бойынша бос кен орындары бар. Тау-кен өнеркәсібі саласы баяу дамуда. Сондай-ақ, ауданның өңдеу өнеркәсібінің жалпы облыстағы үлесі тек 0,2% — ды құрайды. Аталған саланың дамуы бәсең. Соңғы 2 жылда өңдеу өнеркәсібіне мүлдем инвестициялар тартылмаған. Осыған орай, өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту керек», — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, жаңа басшы суармалы егіншілік, картоп және көкөніс дақылдарының алқаптарын ұлғайту, ет өнімдерін өндіру, өңдеу цехтарын және ет кластерін, жол бойындағы шағын орта бизнесті одан әрі дамыту, отандық туризмнің өркендеуіне үлес қосу бағытында да жұмыстарды қолға алуы тиіс.  Жол сапасы мен абаттандыру мәселесі де өзекті.

-Аудан әкіміне осы тапсырмаларды қатаң бақылауда ұстап, орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Ең басты міндет – тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету керек, — деген сөзімен отырысты түйіндеді өңір басшысы.

Осылайша, аудан басшылығына жаңадан тағайындалған Нұрлыбек Амандоллаұлының алдына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге қатысты бірқатар міндет қойылды.

Жиында ауданымыздың бұрынғы әкімі Асқар Жүсібалиев сөз сөйлеп, өлкеміздің дамуы мен халықтың тұрмыс-тіршілігін көтеруде бірлесе қызмет жасаған барша аудан халқына алғысын білдірсе, жаңа қызметке сенім білдірген облыс әкіміне де ризашылығын жеткізді.

Ал аудан активі алдында сөз алған Нұрлыбек Өнербаев өзіне зор сенім білдіріп отырған облыс әкіміне және халық қалаулыларына алғысын білдіре келе, ауданның әлеуметтік — экономикалық дамуын өркендетуге аянып қалмайтындығын айтты.

Сонымен қатар, жиын соңында «Степное» ЖШС директоры Аманғос Төлеуов, жеке кәсіп иесі Мадина Искакова, зейнеткер Айжарык Сибагатов, «Бадамша-Сервис» МКҚК директоры Мендигали Усманов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зинелгабдин Дербиспаев сөз алып, ауданымызға 6 жыл бойы басшылық еткен Асқар Қазиханұлына ел басқарудағы мол тәжірибесі мен іскерлігіне алғыстарын білдіріп, оның жаңа қызметіне табыс тіледі.

Қарғалы-АҚПАРАТ