Жалпыға бірдей декларациялаудың ІІІ кезеңі басталды

 «100 нақты қадам» –  Ұлт жоспарының 42-ші  қадамына сәйкес кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей салықтық декларациялау жүргізу көзделген. Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 71-тарауы «Жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау» 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа еңгізілді. Осылайша қазақстандықтар жалпыға бірдей декларациялауға 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшеді.

Жалпыға бірдей декларациялаудың мақсаты – жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін бақылаудың тиімді жүйесін құру. Осы орайда 2021 жылы басталған міндеттеменің үшінші кезеңі биыл басталды. Яғни заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары белгіленген тәртіп бойынша өздері жайлы толық мәліметті ұсынулары тиіс. Ол қалай жүзеге асырылады және оның мақсаты қандай? деген сауалдарға Қарғалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы  Нұржан Тоғанасұлы жауап берді.

         -Ең алдымен, жалпыға бірдей декларациялауға түсінік бере кетсеңіз?

            Мемлекеттің басым міндеттерінің бірі салық салуды нақты және сауатты басқару болып табылады, өйткені бұл процестің ұйымдастырылу деңгейіне елдің салық саясатының тиімділігі байланысты. Салық салу — мемлекеттің ең көне функциясы және экономикалық және әлеуметтік даму жолындағы қоғам дамуының негізгі шарттарының бірі. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көлеңкелі экономиканың мөлшерін азайту мақсатында жеке тұлғалардың табыстарына салық салуды толық көлемде әкімшілендіру міндетін шешудің маңызды шарты халықтың табыстары мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау болып табылады.

         Олай болса, жалпыға бірдей декларациялаудың мақсаты қандай?

— Көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлық көріністерімен күресу үшін жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін тиімді бақылау жүйесін құру, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауды қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлін күшейту болып табылады.

         -Декларациялау неше кезеңнен тұрады?

— Салық кодексінде жалпыға бірдей декларациялауды енгізу төрт кезеңде өтеді деп көзделді. 2021 жылдан бастап бірінші кезеңде декларацияны мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары тапсырды. Екінші кезең 2023 жылы басталып, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет, спорт саласы, және олардың жұбайлары, сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор субъектілері және ұлттық компаниялардың қызметкерлері және олардың жұбайлары тапсырды. Ал үшінші кезеңі, яғни осы 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнес өкілдері мен олардың жұбайлары, басшылары, заңды тұлғалардың құрылтайшылары (қатысушылары) және жеке кәсіпкерлер тапсыруға міндетті. 3 кезең шеңберінде декларацияны ұсыну жөніндегі талап уақытша тоқтатылған және әрекетсіз дара кәсіпкерлерге де, заңды тұлғалардың басшыларына да қолданылады. Сондай-ақ, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап төртінші кезеңде халықтың қалған санаттары жалпыға бірдей декларациялауға толық көшеді.

            -Жалпыға бірдей декларациялау кезінде жеке тұлғалар декларациялардың қандай нысандарын тапсыруы тиіс? «Кірістер мен мүлік туралы декларацияда» көрсетілетін мәліметтер?

-Декларациялау жүйесіне кірген кезде активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынылады (250.00-нысан). Кейіннен халық жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыратын болады (270.00-нысан). 1.Есепті күнтізбелік жылда алынған кірістер; 2.Салықтық шегерімдер; 3. Мүлікті сатып алу және (немесе) есептен шығару фактісі; 4. Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақша; 5. Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі мүлік; 6. Нотариалды куәландырылған шарт болған кезде дебиторлық және (немесе) кредиторлық берешек ҚР Екінші деңгейдегі банктеріне қарыздар көрсетілмейді.

         -Декларацияны ұсыну мерзімі қалай?

-Декларацияны тұрғылықты жері бойынша ұсынады. Яғни, қағаз түрінде ұсынылған жағдайда — декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындаған ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмеуі керек.

         -Декларацияны ұсыну тәсілдері қандай?

-Электрондық түрде — «салық төлеуші кабинеті» Мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталы арқылы (cabinet.salyk.kz), «электрондық үкіметтің» порталы (egov.kz), сондай-ақ, e-salyq azamat мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асады. Ал қағаз жүзінде тапсырса, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына бару арқылы, сондай-ақ почта арқылы да ұсынады.

         -Декларацияны табыстамаған жағдайда қандай шара қолданылады?

-Әкімшілік құқық бұұзушылық туралы Заңның 272-бабына сәйкес, алғашында ескерту беріледі. Бір жыл ішінде қайталанған сол іс-әрекет 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА